Шоң Шыңғыс шығармаларының қалың түркімен байланысы талқыланды

444
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uBLRZQQfbeVMNdlejRc598Gtlflor2bBy1FwEyPp.jpg

16 қараша күні Астанада «Шыңғыс Айтматов және түркі халықтарының әдеби байланыстары» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараны Түркі Академиясы Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Конференция қырғыз ғалымы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, академик Абдылдажан Ақматәлиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған.

Жиынға Қазақстан мен Қырғызстанның белгілі ғалымдары, жазушылары, әдебиеттанушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысқан. Қатысушылар түркі халықтары арасындағы әдеби байланыстарды, қазақ-қырғыз әдеби ынтымақтастығын, Шыңғыс Айтматов шығармашылығының түркі әлеміндегі орнын және әдебиеттің мәдени ықпалдастықтағы маңызын талқылаған.

Конференцияны ашқан Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев Академия президенті, академик Шаһин Мұстафаевтың құттықтауын жеткізген. Ол өз сөзінде ортақ тарихи жады, мәдени дәстүрлер мен рухани құндылықтарға негізделген қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерттеу түркология ғылымындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өткен.

Халықаралық конференцияға Қазақстан президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Қайрат Иманалиев, Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ақматәлиев, Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігінің дипломаттары, сондай-ақ екі елдің зерттеушілері мен әдебиет өкілдері қатысқан.

Мерейтой иесіне Қазақстан басшылығы атынан құттықтаулар жолданған. Бауыржан Омаров вице-президент Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Ал Ұлытау облысының әкімі Есет Байкеннің құттықтауын мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев жеткізді.

Іс-шара аясында Абдылдажан Ақматәлиевтің Түркі Академиясына сыйға тартқан кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ғалымның қырғыз әдебиеті, Шыңғыс Айтматов шығармашылығы және түркі халықтарының әдеби байланыстары туралы ғылыми еңбектері қойылды.

Жиында академиктің түркі әлемі әдебиеті мен Шыңғыс Айтматов мұрасын зерттеуге қосқан үлесі де атап өтілді. Ғалымның еңбегіне құрмет ретінде Түркі Академиясы атынан оған шапан жабылды.

Конференцияның мәдени бағдарламасы аясында манасшы Азиз Биймырза уулу қырғыз халқының «Манас» эпосынан үзінді орындады. Сондай-ақ төкпе ақын Нұрсұлтан Малдыбаев екі халыққа ортақ ауызша поэзия өнерінің дәстүрін танытты.

Айта кетейік, Түркі Академиясы бұған дейін де қазақ және қырғыз зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтуға бағытталған ғылыми кездесулер мен форумдар ұйымдастырып келеді.

Yorumlar
Diğer Haberler