Украина Ресейге украин дағдарысын бейбіт жолмен реттеу жөніндегі ұсыныстары жазылған меморандумды тапсырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Бұл туралы Украина Қорғаныс министрі Рүстем Умеров Facebook парақшасында хабарлады.
Министрдің айтуынша, Украина тарапынан дайындалған құжат Ресей делегациясының басшысына тапсырылған. Умеров Украина тарапының оқ атуды толық әрі сөзсіз тоқтатуға және дипломатиялық жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.
“Біз ресейліктермен кездесуге қарсы емеспіз және олардың да меморандумын күтеміз. Кездесудің мазмұнды әрі нақты нәтижеге жеткізуі үшін олардың құжаты қажет”, – деді ол.
Сонымен қатар, Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сыбига Ресейге меморандумын бірден ұсынуды талап етті.
“Егер Ресей меморандумын әзірлеп қойған болса, оны дереу тапсыруға болады”, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Украинамен келіссөздердің екінші кезеңін өткізу уақыты мен орнын ұсынған еді.
Diğer Haberler
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз