Павлодар облысында «ТНК «Қазхром» АҚ атмосфераға ластаушы заттарды шекті мөлшерден артық шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Павлодар облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының қаулысымен «ТНК «Қазхром» АҚ-ға қатысты қоршаған ортаға шекті мөлшерден тыс ластаушы заттар шығарғаны үшін әкімшілік іс қозғалды», - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың І тоқсанында «ТНК «Қазхром» АҚ-ның Аксудағы ферроқорытпа зауытының РОК-2 қазандығында атмосфераға шығарылатын заттардың шекті мөлшерден 663,67 тоннаға артық болғаны анықталған. Бұл – қолданыстағы экологиялық заңнаманы өрескел бұзу саналады.
Істі қарау қорытындысы бойынша Павлодар облысы бойынша экология департаменті кәсіпорынға 854 миллион теңгеден астам көлемде әкімшілік айыппұл салған.
Айыппұл мемлекет кірісіне толық көлемде өндірілді.