Киберқылмыс бұл қарапайым өмірде кездесетін қылмысқа ұқсайды. Айырмашылығы ол тек виртуалды кеңістікте жасалады. Әйтсе де, зардабын шынайы өмірде тигізетіндігі мәлім. Қазақстанда цифрландыру жұмыстары өз нәтижесін беріп, көптеген жұмыс орындары деректерді сандық форматқа көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл халық тұрмысын әлдеқайда жеңілдетті: халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрып, аударым жасау үшін банкке барудың қажеті жоқ. Бірақ жеңілдетумен бірге киберқылмыскерлер тарапынан жасалатын жаңа қауіп те пайда болды. Ол - КИБЕРҚАУІП.
Киберқауіп деген не?
Кибершабуыл ретінде әлеуметтік желілердегі жеке парақшаны бұзудан бастап үлкен деректерді ұрлауға дейінгі кез-келген заңсыз іс-әрекетті атауға. Киберқылмыскерлер арнайы вирус бағдарламалары арқылы ұялы телефон немесе компьютер секілді кез келген құрылғыны бұзып кіре алады. Егер пайдаланушы лицензияланбаған бағдарламаны орнатып, зиянды вирус енгізілген күдікті сайттардан файлдарды жүктеп алса, қылмыскерлер үшін сіздің мәліметтеріңізді алу қиынға соқпайды. Міне, киберқауіп деген осы.
Мұндай шабуылдар жеке шоттарға да, жеке брендке де жасалуы мүмкін. Бұдан көбіне қоғам қайраткерлері зардап шегеді. Киберқылмыскерлер ірі компанияларға жиі шабуыл жасайды. Сол жерден клиенттердің деректер базасын немесе басқа ақпаратты ұрлап, содан кейін өз мақсаттарына пайдаланады. Басқа кибералаяқтар тәжірибесіз пайдаланушылардан ақша талап етіп, карта иесінің рұқсатынсыз ақша аударып, кейде тіпті онлайн сауда жасауы мүмкін. Securing Sam мәліметтері бойынша, үйдегі желілерде орнатылған қорғанысы нашар құрылғылардың 47% -ын IP-камералар құрайды. Оларға бағытталған шабуылдар өте қауіпті. Ең әлсіз қорғанысы бар құрылғылар арасында екінші орынды деректерді сақтау құрылғылары алады.
Қорғанысы нашар ТОП-5 құрылғы:
- IP-камералар
- Принтерлер
- Деректерді сақтау құрылғылары
- iP-телефондар
- Теледидарлар
Аяулым ӘБІЛДА,
“Адырна” ұлттық порталы