Доғарыңдар, Жетер енді, Тоқтатыңдар мазақты! Белден басып бетегемді, Қорладыңдар Қазақты.
Бұл не деген тәубесі жоқ, Бітпейтұғын даңғаза?! Көз арбайтын сәулесі көп... Бәрі өтірік, Далбаса.
Күдік пенен күмән жұпты, Сырбаз - сырды сақтау бар. Мезі қылды мына жұртты, Марапат пен мақтаулар.
Сауық-сайран көргендерің, Опа тапқан кім одан?! Таққан медаль, ордендерің, Құтқармайды күнәдан.
Көкіректер – сұрақ тұнған, Көңілдерді қозғасын. Кім сүртеді, Жылап тұрған, Желтоқсанның көз жасын?!