Кәсіпкерлер палатасының Алматыдағы директоры тәртіпсіздіктер кезінде бизнес қаншалық зардап шеккенін және қандай нысандар алдағы жұмысын жалғастыра алатынын айтты, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының Алматы бойынша директоры Айтуар Қошмамбетовтің сзінше, қалада митинг, жаппай тәртіпсіздік пн террористік акт кезінде, 8 қаңтардағы жағдай бойынша, 1027 нысанда орналасқан 856 кәсіпкердің бизнесі зардап шеккен. Қошмамбетов бұл тек "Атамекенге" хабарласқан кәсіпкерлер екенін айтады. Алдын ала есеп бойынша, жалпы 86 миллиард теңгеге залал келтірілген.
"Ең алдымен сауда орындары, сауда желілері, техника, бағалы заттар, киім сататын дүкендер, жалпы қолға салып алып кетуге болатын заттар, ұялы телефондар сататын дүкендер зардап шеккен. Қару-жарақ сатылатын дүкендер тоналған. Ірі сауда желілері және сауда орталықтары да бар. Сонымен қатар, 30 шақты қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану орындары зардап шеккен. Мародерлер қандай мақсатпен бұл нысандарға шабуыл жасағаны белгісіз", - дейді Қошмамбетов.