(Эссе)
«Тұрады айтқан сөзінде, Келеді айтқан кезінде...»
Журналистер қауымының ішінде фототілшілердің орны бөлек. Бұл кәсіпті серік еткендер соншалықты көп емес. Бір басылымда әдетте бір ғана фототілші болады. Сондықтан ол бүкіл ұжымның ерке баласы секілді еркін жүреді. Ерназардың сегіз ұлына татитын Ертөстік сияқты. Әріптестерінің бәрі соның аузына қарайды. Жалпы, фототілші деген өте қызық халық. Әрқайсысы өзінше бір әлем. Олардың мінез-құлқы да әркелкі. Бірі той-томалақты құр жібермейтін сауыққой, екіншісі басынан құс ұшырмайтын сері, үшіншісі ауыздыға сөз бермейтін шешен, төртіншісі желге қарсы қарап тұрып түкіретін қыңыр... Қай-қайсысының да соңынан аңыз еріп жүреді. Мен бірде танымал екі фототілшінің төбелескенін көрдім. Бұлардың жұдырықтасқанына дейін қызық. Белгілі бір кәсіп иелері қызмет барысында керілдесіп қалса, қарсыласына құрал-сайманын жұмсайтынын көріп жүрміз. Мысалы, жұмысшылар бір-біріне күрек ала ұмтылады. Шоферлер мәшинені жөндейтін белтемірді сығымдап ұстап, доқ көрсетеді. Сол секілді мыналар бір-бірін фотоаппаратпен құлақ шекеден қондыратын шығар деп ойлап ем. Жоқ, бұлар ондай ақымақ емес екен. Екеуі де жекпе-жекке шығардың алдында асай-мүсейлерін қауіпсіз жерге қойып келді. Сосын қойғыласты-ай келіп. Соның өзінде фотоаппараттарын қалдырған жерден аулағырап барып шайқасты. Ашудан көздері көрмей, бір-бірінің жеті атасын түгелдеп жатса да, бар байлығын майдан алаңынан алыстау ұстауға тырысты.
Қазақ журналистикасында өз қолтаңбасын берік қалдырған фототілшілер жеткілікті. Күлкісі күллі әлемді дірілдететін Рысқали Дүйсенғалиев, салмақты да сабырлы, сергектікті серік еткен Нұрғожа Жұбанов, ешкімнің атақ-абыройына қарамай іреп соятын, бірқақпайлары ел ішіне аңыз боп тараған Сайлау Пернебаев, бір қарағанда қазақ жұртын асықпай аралап жүрген еуропалық секілді әсер қалдыратын, сырбаздығы мен сымбаты бөлек Нұрманбет Қизатов, жүрген жерін той-думанға айналдырмаса ішкені ас болмайтын Рахымбай Ханалы және басқалар фотожурналистикаға бүкіл ғұмырын арнады.Сондай аты аңызға айналған фототілшінің бірі – Дендербай Егізов. Орыс журналистикасында бір тақырыпқа бейімделген фототілшілер жетіп артылады. Ал қазақ баспасөзінде Егізовтен басқа бір ғана тақырыпты қаузаған фотожурналист болған емес. Ол қазақтың спорт фотожурналистикасының негізін қалады. Бір ғана басылымда – республикалық «Спорт» газетінде қызмет істеді. Ол кісі секілді өз ісіне жан-тәнімен берілген адам сирек.
Жалпы, фотожурналистер – құдайдың еркесі. Қажет суретін алу үшін ел үнемі олардың соңынан қуалап жүреді. Ал Егізов ондайлардың санатына жатпайды. Сұратқан суретіңді алдыңа қаптатып өзі әкеліп тастайды. Уәделескен уақытынан бір минут та кешікпейді. Жарасқан ақынша толғасақ: «Тұрады айтқан сөзінде, Келеді айтқан кезінде». Қара басып, кешігіп қалсақ, көзілдірігінің астынан көзі шегірейіп, саған ит көргендей қарайды. Сол қарағанының өзі жетеді. Жерге кіріп кете жаздайсың. Есесіне екінші қайтара кешікпейсің. Кейбір фотожурналистердің серілік құрып, көбелек қуып кетуінің салдарынан газетке қажетті сурет шықпай қалып жатады. Дәкең ондайға ешқашан жол бермейді. Қайта ол өзінің жауапкершілігіне өзгелердің ілесе алмайтынына қиналады. Бір кезде шет тілдері институтында неміс тілі мамандығын игерген Дендербай Егізовке неміс жұртының алабөтен дәлдігі жұғысты болған тәрізді.

Мен Дендербай Егізовпен Жапонияда өткен он екінші Азия ойындарында және Таиландта өткен он үшінші Азия ойындарында бірге болдым. Тәуелсіз елдің спорт саласындағы жаңа жетістіктерінің жылнамасын жасауға бірге атсалыстық. Шақар шалдың өзін аямайтын адам айтқысыз жанкештілігіне талай рет куә болдым.

Егізовтің «егізі»
Ауыр атлеттердің сайысын тамашалап, кештетіп қонақ үйге қайтып келе жатқан бетім. Хиросиманың зәулім ғимаратының есігі алдында еңсесі түсіп, абыржып тұрған мына бір жапон Дендербай Егізовтен аусайшы. Қараймын да күлемін. Тура өзі. Селдір шашы, мүйіз көзілдірігі, қамыт аяғы, еңкіш жауырыны көзіме оттай басылып, жанында айналшықтадым да қалдым. Жапонымның менімен шаруасы жоқ, екі қолын артына ұстап, сабырсызданып, әлденеге алаңдап жүр. Дәкең де мынау сияқты нағыз мазасыз еді, болмашы нәрсеге қабағы кіржің-кіржің етіп, шыж-быж болатын да қалатын. Алып ғимараттың алдынан айналшық жегендей шыға алмай жүрген бәкене бойлы жапонға қарап тұрып, елде қалған Дәкеңді ойладым. Жұмыр жердегі талай елдің топырағына табаны тиген Дендербай Егізовке бұл жолы Жапонияға жетудің сәті түспеді. Күншығыс елін көремін деп жыл бойы дайындалып еді. Қаражат жоқтығы қолын байлады. Демеуші болам деген ірі спорт мекемелері уәдеден тайқып кетті.Қалжың десе ішкен асын жерге қоятын Дәкеңе өзінен айнымайтын жапон көргенімді жырдан қызық қылып айтып беретін болдым енді. Фототілшінің рахаттанып тұрып күлетінін көзге елестетем. Өзі еріп келгенде, толғақ қысқандай тыпыршып жүрген мына біреуді көргенде көзі атыздай болар еді-ау деймін.О тоба, сойып қаптап қойған Дендербай! Қой, жанына барайын. Ертең елге барған соң майын тамызып әңгіме айту үшін де «материал» керек қой. Хиросимаға келгелі үйренген бар жапоншамды тауысып, сөйлесіп көрсем бе екен? Күншығыс елінде құлағыңа жиі естілетін «симэсан» мен «арегатоға» аузымыздың жып-жып етіп, үйреніп-ақ қалған кезі. Қасына бара бергенім сол еді, Егізовтің «егізі» біреу төбесінен қос қолдап ұрғандай тұрған орнында сілейіп қалды. Көзәйнектің арғы жағынан жылт-жылт еткен екі көзі менде. Не боп кетті өзі?! Аласа бойлы жапоным аңырған кейпі әлі тұр. Енді мен дағдардым. Бір кезде әлгі селдір шаш кісі шіңк-шіңк етіп: – Әй, ит, бұл мен ғой, – деп құшағын жая ұмтылғанда құлап қала жаздадым.
...Тақтайдай тегіс тротуармен Дендербай ағаның төрт дөңгелекті нән шабаданын дырылдатып сүйреп келемін. Ол болса, мені тас қылып қолтықтап алған, айырылып қалардай жібермейді. Ағыл-тегіл, пора-пора... Жұлдызқұрттай жарқыраған көшенің сансыз шамдарының сәулелері Дәкеңнің жасқа шыланған жүзінде ойнайды. Жылап келеді, жабығып келеді.Неге жыламасын... Алматының әуежайынан бізді Жапонияға шығарып салып, еңсесі түсіп, езіліп бара жатқан Дәкеңді көрген қарымды спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы қайратқа мінеді. Қаламы мен қағазынан бу шығарып, будақтатып жазған жанайқай сөзін «Жас алаштың» сол күні қатталып жатқан нөміріне үлгертіп жібереді. Ертеңіне тәуелсіз елдің тұңғыш спорт делегациясы Күншығысқа аман-есен аттанып кеткені туралы ақпарат құралдарының жарыса жариялаған хабарларының ішінен «Егізовті қалдырып кетті!» деген реплика Спорт министрлігінің төбесінен жай түсіргендей болады. Қазақтың маңдайына біткен жалғыз спорт фототілшісінің жол қаражатын көтереміз деп жыл бойы уәде беріп, жеме-жемге келгенде сөзден тайып кеткен басшылардан не үміт, не қайыр?! Қыдырбектің әр сөзі шиыршық атып тұрған шағын мақаласының айтары осы. «Жас алаштың» қай сөзі аяқсыз қалып еді? Ел ағалары елеңдеседі. Жанкүйерлер телефон шалады. Тілеулес жандар толық құлақтанады. Үлкенді-кішілі есіктердің табалдырығын тоздырған төрт-бес күндік сабылыс Дендербай Егізовті Жапонияға жіберуге шешім қабылдануымен аяқталады. Бүгін Спорт министрінің өзімен бірге ұшып келіпті. Министр Бірғаным Әйтімова ханымның шашбауын көтеріп, үкілеп күтіп алған шенеуніктер шуласып жүріп, Дәкеңді елей қоймаған. Хиросиманың бір қалтарысына келгенде, «Қазақстандық журналистердің тірлік кешіп жатқан жері шамамен осы маңай, әрі қарай өзіңіз бірдеңе етіп жетерсіз», – деп, біздің шенеуніктер қазақ журналисін жапон көлігінен түсіріп, ию-қию көшеге қалдырып кетеді. Өлдім-талдым деп әзер тапқан баспасөз орталығына бас сұқса, мұнда Егізов деген фамилия мүлде тіркелмепті. Сірә, келмейді деген соң есеп-қисабынан жаңылмайтын жапондар тізімнен сызып тастаса керек. Мәселені баяндап, ұзын-сонар оқиғаны тәптіштеп жатуға тіл қайда? Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдеріне қызмет көрсететін жапондардың орысшасы нан сұрауға да жарамайтын көрінеді.

Сөйтіп, қайран ағам қайда барарын білмей, миллиондаған халқы бар Хиросиманың көшесінде қайраңда қалған балықтай қиналып тұрған сәтте қарсы алдынан қаңғалақтап келе жатқан мен жолығыппын.

Теледидар түнгі жаңалықтарды дүркіретіп, дамылсыз хабарлап жатыр. Дикторлардың аузында екі-ақ ауыз сөз: «Хирошима», «Азия тайкай» (Азия ойындары). Міне, біздің жігіттер де көзге шалынды. Қуаныш Рымқұлов самайынан тер шүмектеп тұрып, тағы бір ауыр салмақты көтеріп кетті. Әне, Анатолий Храпатый экранға сыймай, жардай болып тұр.– Министрдің өзімен бірге ұшып келдім ғой, – деп мақтанып қояды Дәкең теледидардан көз алмай отырып. – Министр қайта сіздей әйгілі фототілшімен бірге ұшып келгеніне қуануы керек қой, – дейміз біз қалжыңдап. Дәкең телефонға қол созды. Америка Құрама Штаттарында оқитын қызымен сөйлесе бастады. – Гүлім, күнім, айналайын, ауырып жүрген жоқсың ба? Жаман әкең ғой Жапониядан... Телефонның тұтқасына еніп кетердей ентелеп отырған қолтоқпақтай Дәкеңе қарап тұрып қызықтым. Фотоаппаратын өңгеріп, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Мәскеу Олимпиадасынан бастап, одан бергі айтулы әлемдік жарыстардың бәрін дерлік көзімен көрген. Сеул Олимпиадасының финалында даңқты Дәулет Тұрлыханов пен Ким Ен Нам жан алысып, жан берісіп жатқанда фототілшілік құқын пайдаланып, боз кілемнің шетіне жетіп барып, «Е, аруақ, қолдай гөр!» деп айқайға басатын жұдырықтай қазақ осы. Талайлар олжа салған қазақ спортының жалғыз фотошежірешісі де өзі. Мәскеулік спорт журналистері Алматыға келе қалса, Дәкеңмен төс қағысып амандасады. Балалары тәрбиелі. Қызы да, ұлы да шет тілдеріне жетік. Сол Дәкең, міне, жапонның екі елі қалтаға қаттаған қара шайын ішіп, маңдайы жіпсіп, маужырай бастады. Мойны сорайған фотоаппараты керуеттің үстінде жатыр. Қарт фототілші осы сәтте қансонарға шығардың алдында мылтығын босағаға сүйеп қойып, дамылдап отырған сыралғы аңшыға ұқсап кетті.

Көп ішіндегі жалғыз
Дендербай Егізов балуан інісі Дәулет Тұрлыхановтың қамқорлығын көп көрді. Дәулет Дәкеңнің фотокөрмелерінің бәріне демеуші болды. Талай халықаралық жарыстарға оны өз қаражатымен аттандырды. Егізов Дәулеттің белдесулерінің бәрін суретке тартты. Атақты балуан Хиросимада чемпион болатын күні Дәкең әлі Жапонияға жетіп үлгермеп еді.... Кілемнен түскен Дәулетті жабыла көтеріп, аспанға ата жөнелдік. Өзін қақпақылдаған сайын жүзі бал-бұл жанып, балбырай түседі. Қуанышқа кенелген достары балуанды босатар емес, «Осы тарихи сәтті суретке түсіріп жатқан біреу-міреу жоқ па екен?» деп жан-жағыма қарасам, өңкей шетел журналистері ғана фотоаппараттарының ұңғысын кезеп тұр. Жарғақ құлағы жастыққа тимейтін фототілші Дендербай Егізовтің қадірі осы жерде білінді. Болар іс болды, жанкүйерлер Дәулетті төмен түсірейін деп жатыр. Қолында фотообъективі қос қарыс камерасы бар, шеткері тұрған жұқалтаң жапон журналисіне тақау келдім. Кешелі бері сыртынан көріп жүрмін. Өзінің нан сұрап жеуге жарайтын орысшасы бар.– Түсірдің бе? – Түсірдім... Ғажап! – Маған осы суретіңнің біреуін бер. Ақысына Қазақстанның жалаушасын ал. Оған қоса еліміздің валютасын ескерткішке берейін. Мынау – Құрманғазы, қазақтың ұлы күйшісі. Жапоным қатты қуанды. Құрекеңнің қолына домбыра ұстаған бейнесін көріп, «О, музыка, музыка!» деп мәз болды. Ертеңіне құлдыраңдап жетіп, сұраған суретімді әкеп берді. Сөйтіп, Дәкең Жапонияға жетем дегенше өстіп күн көргенбіз. Таиланд сапарында Дәкеңнің ептеп шаршағаны байқалды. Соған қарамастан Азия ойындарының негізгі базасы саналатын Тамасат университеті қалашығындағы жықпыл-жықпыл тау-тас, төбе-қыраттардың бәріне өрмелеп шықты. Баспасөз орталығында Егізовті танымайтын фототілші жоқ. Құшақтарын айқара ашып, бәрі де шетінен біздің шалды қонаққа шақырып жатады. Сол жылдарда Дәкең әлемнің спорт фототілшілерінің батагөй ақсақалына айналып үлгерді-ау деймін. Әйтеуір өзге жұрттың оған деген құрметі алабөтен болды. Өзі бір ауыз ағылшынша білмейді. Ары кетсе, он сөзден тұратын кәрісшесі, қырық-елу сөзді ғана құрайтын немісшесі бар. Сөйте тұра, тілді жетік білетін әріптестерімен екі-үш сағат бойы тартысып, әлемдік фотожурналистиканың проблемаларын шешумен айналысады. Қалай түсінісетінін бір құдайдың өзі біледі. Тілге қырым жоқ деп іркіліп қалған Егізовті көрмедім. Сол шала тілімен іздегенін табады, қалағанын алады. Оны айтасың, көңілінен шықпаған әлдебіреулерді жеріне жеткізе сыбайды. Бұдан кейін оған таңғалмай көр! Ол ешкімге ұқсамайтын мінез-құлқымен де, болмыс-бітімімен де көп ішіндегі жалғыздай болды.

* * *
Жыл өткен сайын меңдеген дертпен дамылсыз арпалысып, ақыры жеңіліс тапты. Сол кезде спорт саңлақтары мен жанкүйерлері өмірден кімнің өткенін түсінгендей болды. Мамандығына мұндай адал адамды табу қиынның қиыны еді. Бірде жуынатын бөлмені қараңғылап қойып, түнімен сурет шығарыпты. Жеңгеміз соны байқамай, жарықты жағып жібергенде Дәкең әлемдегі бар қапалы дауыспен айқай салыпты. Қазір сол ащы айқайдың жоқтығынан қазақ спорт фотожурналистикасының үні шықпай тұр. Атақты фототілшіні ен далада жортып жүрген жалқы мергенге ұқсататынбыз. Соңында шәкірт қалмады. Ертпегендіктен емес, ермегендіктен. Жұмыстың қиындығына шыдамағандықтан. Спорт журналистикасы да спорт саңлақтары тәрізді тынбай тер төгуді талап ететін көрінеді. Әйгілі спорт фототілшісі Дендербай Егізовке сыңар болатын бүгінгі әріптестер қайда өзі? Енді бір Дендербай туа ма, тумай ма? Әлде, фотомылтығын оңтайлап, жарыстардан қалмай жүр ме екен? Бірақ соны байқай алмай тұрғанымыз. Қателесуге жазсын... Әзірше, жалқы мергеннің орны үңірейіп тұр...* * *
Бүгін оның туған күні еді... Рухы биік болсын!Бауыржан ОМАРҰЛЫ (Суреттер Асылхан Әбдірайымұлының фотоқапшығынан алынды)