Бір танысым ұлтымыздың небір күшті, тамаша әндері бар екенін өзінің бала кезінде, 1986 жылдың желтоқсанында, Алматы қаласының көшелерімен орталық алаңға бара жатқан қазақ жастарының халық әндерін шырқағанын көргенде түсінгенін айтып еді.
«Біздің туымыз – ұлттар достығы» деген КСРО өкіметі шындығында елді басқаша басқарды. Мінбелерден дұрыс ұрандар айтылғанымен, іс жүзінде басқаша болды. Әсіресе өткен ғасырлың 30-шы жылдары орын алған қуғын-сүргін сұмдықтарының жарасы ешқашан жазылмайды. Ұлт асылдарын атқан басшылық, халқымыздың рухани байлығын да қуғындаған. Бұл жөнінде сыр шертер небір құжаттар бар. Соның бірі Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қуғын-сүргін құрбандары мұражайының қорында сақтаулы. Бұл қазақ әндері жазылған күйтабақтар (грампластинкалар) жедел түрде қоймадан алынып тасталсын, турасын айтқанда жойылсын деген тізім.
Бұндай құжаттардың аз болмағаны анық. Және осындай әр қағаздың аясында адам тағдыры, халықтар тағдыры тұрғаны да шындық. Мемлекеттік ресми қағазда қазақ тіліндегі грампластинкалар деген тізімге ұйғыр әндерінің де қосылып жазылғанына қарағанда сол кезгі билік басындағылардың қазақ пен ұйғырдың екі бөлек ұлт екеніне жеткілікті мән бермегені көрініп тұр.
Құрметті замандас сізге түсінікті болу үшін, орыс тілінде жазылған мәтінді қазақшаға аудардым. Енді соны өзіңіз оқып көріңіз:
МОСКВА
«ГРАМПЛАСТРЕСТ»
ГРАММОФОНДЫ-ПЛАСТИНКАЛЫҚ ӨНЕРКӘСІБІНЕ
ТІЗІМ
Жедел түрде алынылып тасталуы тиіс қазақ тіліндегі грампластинкалар.

- «Қанат-талды» арт. Жүсіпбек Елебеков. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.
- «Әмір-Хан» арт. Құрманғалиев. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.
- «Гүльяр» /ұйғыр тілінде/ Әбдімәжит Рузаев Қытайға қашып кеткен
- «Шаму-Сахар» /ұйғыр тілінде/ бұл да солай бұл да солай
Бердалы ОСПАН,
Адырна ұлттық порталы