Рудныйда әйел адам жасөспірім қызды пышақтаған

983
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Қостанай облысының Рудный қаласында кәмелетке толмаған қызға жасалған шабуыл жұртты дүр сілкіндірді. 2010 жылы туған мектеп оқушысы іш тұсынан пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алдын ала деректер бойынша, жасөспірім анасы және өгей әкесімен бірге ішімдік ішіп кеткен әжесін іздеп шыққан. Қарияны тапқан сәтте ол бөтелкелестерімен бірге болған. Артынша, 51 жастағы әйелмен жанжал туындап, соңы трагедияға ұласқан.

Дау сыртта жалғасып, әйел қызға пышақ сұғып алған. Жасөспірім ауыр жағдайда шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, дереу ота жасалды. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап, бақылауға алған.

Қостанай облыстық ПД мәліметінше, күдікті ретінде 51 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз әрекет жасады деген күдікпен 51 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деді Полиция департаментінің Ақпараттық саясат бөлімінің бас маманы Бауыржан Қасымхан.

Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша іс қозғалды.

评论