Танымал марафоншы Марат Жыланбаевтың ұлы Рүстам Жыланбаев қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол әкесінің колонияда өте ауыр жағдайда жатқанын жеткізді.
«Ешкімді өлтірмеді, ұрмады, тонамады. Бірақ оны 7 жылға соттады. Қазір салмағы 45 келі ғана, өздігінен жүре алмайтын күйде. Сот ісін қайта қарап, жазасын жеңілдетуді сұраймын. Ең болмаса, қалыпты жағдай жасалсын немесе басқа колонияға ауыстырылсын», — деді Рүстам Жыланбаев.
Бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған супермарафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда екені туралы ақпарат таратты.
Еске салайық, 2023 жылы Астана соты азаматтық белсенді Марат Жыланбаевты 7 жылға соттаған еді. Оған «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «экстремизмді қаржыландырды» деген айып тағылды.
Марат Жыланбаев — 1990 жылдары Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория және Невада сияқты ең үлкен шөлдерді басып өткен әлемдегі жалғыз марафоншы. Гиннестің рекордтар кітабына жеті рет енген.