Қазақстанның белгілі публицисті, жазушы, қоғам қайраткері Қайым-Мұнар Табеев дүниеден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қаралы хабарды жазушы әрі журналист Талғат Айтбай әлеуметтік желіде растады.
"Осыдан бір сағат бұрын Роза Сейілханқызы телефон шалды.
“Жеделхан звондады. Жылап тұр. Алтынымнан айырылып қалдым дейді. Ол кім деуге де келтірмеді. Еркінді сұрады” дейді.
Төбемнен жай түскендей болып Еркінге хабарластым. Әуелі Одаққа хабар келер еді ғой,- дейді ол.
Қайнар да әбіржіді. Ол да естімеген...
Не болса да. Өзінің телефонына соғып көрейін, бәлкім біреуі көтеріп қалар деген ойымнан да ештеңе шықпады.
Міне, Ұлбосын Айтөлен растады. Жылап тұр. Жеделхан Еркіннің телефонын сұрап жатыр дейді.
Не керек, жаман хабар расталды.
Қазақ әдебиеті бір сарбазынан айырылды…
Қайыммұнар Табей бақилық жолына түсіпті.
Өткен жылы ана жаққа бармаса да, барғандай болып келіп пді. Қайран әріптес, курстас дос, алдыңда бас иеміз. Сен елге керек, әлі де жұмбағы көп Желтоқсан жөнінде жазарың қисапсыз қаламгер едің…
Отбасы, ағайындарына көңіл айту сөзі болсын, басқа жұрт білсін деп жазып отырмын", - деп жазба жариялады Талғат Айтбай.
Қайым-Мұнар Табей 1956 жылы 5 мамырда Аягөз ауданындағы дүниеге келген. 1981 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Кейін Қазақ мемлекеттік Заң университетінде, Алматы мемлекеттік басқару институтында және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясында білімін жалғастырған.
Ол журналистика саласында «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде еңбек етті. Әр жылдары Қазақстан Президенті баспасөз қызметінде, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде, Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат және тіл басқармасында, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығында жауапты қызметтер атқарды.
Қайым-Мұнар Табеев Желтоқсан оқиғасы туралы алғашқылардың бірі болып баспасөзде мақала жариялаған қаламгер ретінде белгілі. Ол 1986 жылғы Желтоқсанды оқиға емес, «көтеріліс» деп бағалап, жастардың "басты талабы" елде ана тілінде сөйлеу және білім алу құқығы екенін ашық айтқан.