Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Тәжікстан билігін Ресей президенті Владимир Путинді елге кіргізуге тыйым салуға немесе ол келген жағдайда тұтқындауға шақырды. Бұл туралы ұйым 8 қазан күні жариялаған мәлімдемесінде жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ұйымның айтуынша, бұл талап Халықаралық қылмыстық соттың Путинге қатысты шығарған ордеріне негізделген.
Бұған дейін Кремль Путиннің 9 қазан күні Тәжікстанға «Орталық Азия - Ресей» саммитіне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының отырысына қатысу үшін баратынын хабарлаған.
Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылдың 17 наурызында Путин мен Ресейдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Беловаға ордер шығарған болатын. Олар Украинадан Ресейге және Ресей басып алған аумақтарға балаларды заңсыз депортациялау және көшіру сынды соғыс қылмыстарын жасады деп айыпталды.
«Путин халықаралық саммиттерге қатыспай, Гаага сотының алдында жауап беруі керек», — деді Human Rights Watch ұйымының халықаралық әділет жөніндегі директоры Лиз Эвенсон.
Оның айтуынша, Путинді Тәжікстанда қабылдау – Ресейдің Украинадағы қылмыстарынан зардап шеккен жәбірленушілердің тағдырына және елдің халықаралық міндеттемелеріне немқұрайдылық таныту болмақ.
Ұйым Тәжікстанның 2002 жылы Халықаралық қылмыстық сотқа қосылғанын және оның талаптарын орындауға, соның ішінде іздеуде жүрген тұлғаларды тұтқындауға міндетті екенін мәлімдеді.