Жезқазған қаласы Полиция басқармасының отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі «Бақытты отбасы – бақытты ел» республикалық акциясы аясында №133 негізгі орта мектебінің 5 және 6-сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Іс-шараға отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры А.М. Шаленова, полиция лейтенанты А. Өнер, сондай-ақ Ұлытау облысы Полиция департаментінің инспекторы, полиция аға лейтенанты В.И. Ильенкова қатысты.
Кездесу барысында оқушыларға отбасындағы өзара сыйластықтың, бір-біріне құрметпен қараудың маңызы түсіндірілді. Полицейлер балаларға зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеу, қиын жағдайда кімге жүгіну керектігі жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының сенім телефондары таныстырылып, балаларға қауіпсіздік ережелері жөнінде кеңестер ұсынылды.
Іс-шара аясында «Бақытты отбасы дегенді қалай түсінесің?» тақырыбында тренинг өткізіліп, оқушылар өз ойларын ортаға салып, отбасының ең басты құндылығы – мейірім, сүйіспеншілік пен сыйластық екенін атап өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыру және бақытты отбасы құндылықтарын дәріптеу болды.
Оқушылар белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауап алды.