Халықаралық рекорд. Түркістанда ең үлкен сәукеле тігілді

607
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1f88tmUJ4R4Y9SEalpw5uRdow7cefyWiefeov550.jpg

Түркістанда тігілген алып сәукеле Қазақстанның рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Биіктігі 5 метр 20 сантиметрге жететін бұл ерекше ұлттық бас киім әйелдерге арналған дәстүрлі сәукеленің үлгісінде жасалған. Оның жабуының ұзындығы 600 метрді құрайды, ал безендірілуінде 30-дан астам түркі халықтарының ою-өрнектері қолданылған.

Сәукеле тек ұлттық рекордпен шектелмей, халықаралық деңгейде де мойындалды.

Тігіншілердің еңбегі Global Book of Records кітабына енгізіліп, арнайы сертификат табысталды.

Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов Түркістанға арнайы келіп, рекордтық жетістікті жариялады. Ол әлемде мұндай көлемдегі бас киім бұрын-соңды жасалмағанын атап өтіп, жоба Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына тіркеуге ұсынылғанын хабарлады.

Жобаның авторы Ақмарал Дауылбаева сәукеленің терең символдық мәніне тоқталды.

«Сәукелеміздің биіктігі көкпен таласып, шыңмен тіресіп тұрсын дедік. Сондықтан оны 5 метр 20 сантиметр етіп жасадық. Ал ою-өрнегін өмір ағашы бейнесінде өрнектеп, Жер ананың бейнесін беруді мақсат еттік. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен Ана — өмірдің мәңгілігін білдіреді», — деді ол.

Бірегей жоба ұлттық өнер мен рухани сабақтастықты дәріптеп, қазақтың дәстүрлі киім мәдениетінің бай мұрасын жаңа биікке көтерді.

评论
其他材料