Әзербайжан тәуелсіздігі қалпына келтірілген күні. Қазақстанда Әлиевтің сұхбаты жарияланды

1065
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jN3jGvsIEM8wBwtGdnBWSOYkzxtT80TYF9IHcS35.webp

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Kazinform агенттігіне сұхбат берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сұқбатта Қазақстанмен арадағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқаны айтылған. Сондай-ақ, ол алдағы Қазақстанға мемлекеттік сапарына қатысты жоспарларымен бөліскен.

Президенттің айтуынша, Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен бауырластыққа негізделген.

«Біз ортақ түркі бірегейлігі мен рухани құндылықтарға сүйене отырып, шынайы стратегиялық және одақтастық серіктестікті орнаттық», – деді Әлиев.

Мемлекет басшысы екі елдің жоғары деңгейдегі тұрақты диалогының нәтижесінде сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастық айтарлықтай нығайғанын атап өтті.

Соңғы үш жылда Әлиев Қазақстанға жетінші рет келмек. Ол әр сапарында Қазақстанның дамуына куә болатынын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың нәтижелі екенін айтты.

2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 470 млн долларды, ал 2025 жылдың алғашқы сегіз айында 547 млн долларға жеткен. Әзербайжан Қазақстан экономикасына 225 млн доллар, ал Қазақстан Әзербайжанға 136 млн доллар инвестиция салған.

Әлиев Орта дәліздің маңызына тоқталып, Ақтау мен Алят порттары арқылы жүк тасымалының артқанын және екі елдің логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртып жатқанын айтты.

Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» және SOCAR компаниялары арасындағы Ақтау–Джейхан бағыты бойынша мұнай транзиті жөніндегі келісім энергетикалық серіктестікті күшейтіп отырғанын мәлімдеді.

Президент мәдени байланыстарға да назар аударды.

2023 жылы Әзербайжанда Қазақ мәдениетінің, ал 2024 жылы Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің күндері өтті. Ол сондай-ақ Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» кітабының әзербайжан тілінде жарық көруін бауырластық қарым-қатынастың айғағы деп атады.

Каспий теңізінің тайыздану мәселесіне қатысты Ильхам Әлиев экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін Каспий маңы елдерінің ғылыми және практикалық ынтымақтастығын күшейту қажет екенін айтты.

Сондай-ақ, Әлиев Түркі мемлекеттері ұйымының елдер арасындағы бауырластық пен интеграцияны тереңдетудегі рөлін жоғары бағалады.

«ТМҰ елдері арасындағы байланыстар біздің түркі әлемінің саяси және экономикалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Айта кетейік, 1991 жылы 18 қазанда Әзербайжан тәуелсіздігін жариялаған. Ал 2021 жылы бұл күн «Тәуелсіздіктің қалпына келтірілген күні» деген атауды иеленді. Атаудың өзгеруіне 2020 жылғы Қарабақты азат ету соғысындағы жеңіс себеп болған. Бұл сұхбат осы күнмен тұспа-тұс жарияланып отыр.

Еске сала кетейік, 20-21 қазан күндері Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

评论