Ресейдегі әскери базалардың бірінде зымыранның жарылғаны айтылды

630
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1mkUUTRr6S4KOSWeEOMuUxcP6YLYj8G4UJYqoiWf.webp

Ресейдің Ясный қаласы маңындағы Ресей қарулы күштерінің стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерлері базасында зымыран ұшыру сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-не сілтеме жасап.

БАҚ мәліметінше, зымыран жерге құлап, жарылып кеткен. Оқиға 28 қарашада болған. Жарылыс туралы деректерді оқиға куәгерлері растап отыр.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде әскери нысан орналасқан аймақтан аспанға көтерілген қалың түтіннің суреттерін жариялады. Олар жағымсыз иіс салдарынан тыныс алудың қиындағаны туралы да айтуда.

Украинаның Supernova+ жобасы зымыранның ұшырылған сәті мен құлағаны түсірілген видеоны жариялады. БАҚ мәліметінше, оқиға «Домбаровский» ауданында болған. Бұл жерде «Ясный» әскери ғарыш айлағы орналасқан.

Қалалық басылымдардың хабарлауынша, Ясный билігі  болған жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме бермеген. Ал полигонда жарылыс пен өрт болғаны туралы ақпаратты NASA FIRMS өрт картасы да растар отыр.

The Insider порталының жазуынша, 2023 жылы Орынбордан шамамен 500 шақырым қашықтықтағы «Ясный» ғарыш айлағын «Авангард» ракеталық кешенін ұшыруға бейімдеу үшін қайта жарақтандыру жұмыстары басталған. Ресей президенті Владимир Путин бұл кешенді алғаш рет 2018 жылы таныстырған болатын. Ол жаңа ракетаның құрлықаралық қашықтықтарға ұша алатынын және оны ату мүмкін болмайтынын айтқан.

«Авангард» сынақтары және Путин ұсынған сипаттамалар Вашингтонның қатаң сынына себеп болды. АҚШ мұндай зымыран жасау 1987 жылы КСРО басшысы Михаил Горбачёв пен АҚШ президенті Рональд Рейган қол қойған Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шартты бұзады деп есептейді.

Ресей бұл зымырандарды Украинаға қарсы толық масштабты басқыншылығы барысында шабуылдарда қолданған болатын.

评论