Журналистерді сотқа сүйреу. Нажметдинұлы кезекті рет жеңілді

286
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pHTQv3KuzbJhBBLaGB7u2tDLid2JVWn2mvxYgjcl.webp

Алматы қалалық соты мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлының (бұрынғы Алиев Б.Н.) журналист Михаил Козачковқа қарсы берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, төменгі соттың шешімін күшінде қалдырды, деп хабарлайды “Адырна” порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Алматының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі межрайондық соты 2025 жылғы 7 қарашада журналист Козачковқа қатысты ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 3-бөлігі («Жала жабу») бойынша қозғалған істі тоқтатқан болатын. Сот журналисттің Нажметдинұлының бұрынғы соттылығы туралы жазбаларында құқықбұзушылық құрамының жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар, сот журналистің учаскелік инспектордың әрекеттеріне қатысты шағымын қанағаттандырып, полицейдің іс-әрекеттерін заңсыз деп таныған.

Нажметдинұлының адвокаттары бұл шешіммен келіспей, журналисттің әлеуметтік желілерде жариялаған ақпаратын «жала» деп танытқысы келген. Алайда қалалық сот олардын талаптарын негізсіз деп тапты.

Сот материалдарына сәйкес, Козачков жариялаған мәліметтер журналистің жеке ойы емес, нақты сот құжаттарымен расталған фактілер болып шықты. 2001 жылғы 8 мамырда Сарыағаш аудандық сотының үкімімен Болатбек Нажметдинұлы (сол кездегі тегі — Алиев) Қылмыстық кодекстің 308-бабының 1-бөлігі және 324-бабының 2-бөлігі бойынша айыпталып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін ол Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай жарияланған амнистия негізінде жазадан босатылған.

Сот үкімінде Алиевтің мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыс жасағаны, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны және бұл әрекеттер мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі нұқсан келтіргені көрсетілген. 2003 жылғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, ҚК-нің 308-бабы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының қатарына енгізілген.

Осыған байланысты сот Козачков таратқан ақпараттың заңға сәйкес, нақты құжаттармен дәлелденгенін және жала болып саналмайтынын атады.

Бұл – Болатбек Нажметдинұлының журналистер мен белсенділерді сотқа беруге тырысқан алғашқы талпынысы емес. 2023 жылдың маусымында ол Шымкентте белсенді Нүркен Айнабековке қарсы соттасып, тағы да жеңілген. Айнабеков депутаттың қылмыстық өткенін айтқаны үшін жауапқа тартылмақ болған еді.

评论