Әскери "қызыл алма". Түркияның жаңа ұшқышсыз жауынгерлік ұшағы сынақтан сәтті өтті

534
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZwHjRSAkzmLyayDDp4nCliQPfX9rt4NtaokXyH0e.webp

Түркияның авиақұрылыс саласындағы жетекші компаниясы Baykar өзінің жаңа ұшқышсыз жауынгерлік ұшағы Bayraktar Kızılelma-ны алғаш рет сынақтан өткізді. Бұл сынақтың нәтижесі авиация тарихында бірегей жетістік ретінде бағаланып отыр, өйткені Kızılelma "әуе-әуе" класындағы зымыранмен нысананы сәтті жойды. Бұл оқиға ұшқышсыз авиацияның жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетті.

Сынақ Түркияның Синоп қаласы маңындағы әскери полигонда жүргізілді. Baykar компаниясының мәліметі бойынша, сынақ барысында Kızılelma реактивті қозғалтқышпен ұшып, алыс қашықтықта ұшатын әуе нысанасын радар арқылы анықтап, бақылауға алған.

Нысананың нақты орналасуы белгіленген сәтте ұшақ қанатына орнатылған «әуе-әуе» зымыранды іске қосып, оны «абсолютті дәлдікпен» жойған. Бұл нәтижені бұрын-соңды ешбір ұшқышсыз ұшақ жасамаған болатын.

Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдері ұшқышсыз әскери истребительдер концепциясын дамытуда, бірақ олардың көпшілігі тек жердегі нысандарға шабуыл жасауға бағытталған. Ал Bayraktar Kızılelma осы салада жаңа жетістікке қол жеткізіп, әуе нысаналарын ату мүмкіндігіне ие болған бірінші ұшқышсыз ұшақ ретінде тарихта қалды. Бұл сынақ әлемде баламасы жоқ оқиға болып табылады, себебі бұрын ешбір ұшқышсыз ұшақ әуе нысанасына соққы жасаған емес.

Сынаққа Түркия Әуе күштерінің бес F-16 истребителі де қатысты. Олар Kızılelma-мен бірлесіп ұшып, пилотты және пилотсыз авиацияның бірлескен операцияларының мүмкіндіктерін тексерді. Бұл шара болашақта пилотты және пилотсыз ұшақтар арасындағы үйлесімді операцияларды дамытуға мүмкіндік береді.

Bayraktar Kızılelma жоғары технологиялармен жабдықталған ұшқышсыз жауынгерлік ұшақ. Оның басты ерекшеліктері мыналар:

  • Алыс қашықтықтан әуе нысандарын анықтау мүмкіндігі.
  • Төмен байқалушылық: радарға аз көрінетін технологияларды қолдану.
  •  Жоғары маневрлік: реактивті қозғалтқыштың арқасында жылдамдық пен маневр жасау мүмкіндігі.
  • Алдымен көру — бірінші болып шабуылдау: Kızılelma өзінің жоғары маневрлік қасиеттері мен жетілдірілген датчиктері арқылы әуе соғысында қарсыласты ұтып, қауіпсіздік пен тиімділікті қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, Baykar – әлемдегі ең ірі ұшқышсыз ұшақ өндірушілерінің бірі. Компания 37 мемлекетпен экспорттық келісімшарт жасаған және өз табысының 90 пайызы экспорттан алынады. Kızılelma жобасы – Baykar компаниясының әскери технологиялар саласындағы жоғары жетістігі. Бұл жобаның іске асуы Түркияның әскери және аэрокосмостық саладағы алдағы жоспарлары үшін маңызды қадам.

评论