Жайлы қала тұжырымдамасы: Шымкенттегі жасыл жобалар және тұрақты қалалық даму

161
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7tRHjpaqRzxAkGKg3mnKbiXve0y69L2e4MW86NgT.jpg

Шымкент қаласында экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мегаполис ретінде қарқынды дамып келе жатқан қалада жасыл желек аумақтарын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде.

2025 жылы қала аумағындағы 25 көшеде жалпы көлемі 500 мың шаршы метр газон төсеу, автоматты суару жүйелерін орнату және 33 су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл 14 500 түп бұта мен 152 мың түп ағаш егілді. Көгалдандыру шаралары Бозарық, Шымсити, Асар, Тұран шағын аудандарында және негізгі магистралдық көшелер бойында іске асуда.

Ал 2026 жылға 32 көшеде бұта отырғызу, 6 жаңа көшені толық көгалдандыру, 4 мың ағаш егу, сондай-ақ орталық аймақтарда тік көгалдандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Абай ауданындағы бұрынғы қоқыс полигоны аумағында «Экопарк» құрылысы басталды. Жоба аясында демеушілердің қолдауымен 5 000 түп ағаш отырғызылып, 13 гектар аумаққа суару жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 1 800 түп жеміс ағашы мен сәндік өсімдіктер отырғызу көзделген.

Қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында 6 жаңа гүлзар салынуда. Сондай-ақ, жылыжай кешендерінде 2026 жылға арналған гүл қорын өсіру жұмыстары басталды. Биыл жоспарға сәйкес 1,6 миллион дана көпжылдық гүл мен 1,6 миллион қызғалдақ отырғызу көзделіп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.

Жасыл аймақтарды кеңейтуге бағытталған бұл бастамалар Шымкент қаласының экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласында су шаруашылығы нысандары бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. «Қошқар-ата» өзенінің жағалауын абаттандыру, «Ақжар» су қоймасын жаңғырту, сондай-ақ «Ақсай–Қарабастау» және «Кәусар» каналдарының құрылысы толық аяқталды. Бұдан бөлек, қала аумағындағы каналдардың жалпы ұзындығы 268 шақырым болатын бөлігінде механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.

«Бадам» өзенінің 9 шақырым аумағында арна нығайту жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, 2025 жылы өзеннің ең қауіпті деп танылған 5,3 шақырымдық учаскесін жаңғырту жұмыстары басталды.

Қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында «БМК» каналынан «Жаңа Шек» каналына тәулігіне 200–250 литр/секунд көлемінде су жіберіліп, орталық көшелерді ылғалдандыру жүйесі іске қосылды. Алдағы уақытта бұл жүйені Кіші Самал шағын ауданы мен Абай саябағы бағытына дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда қала аумағында 86 субұрқақ жұмыс істейді, оның 41-і тиісті басқарманың теңгерімінде. Биыл барлық субұрқақтар жоспарға сәйкес қызмет көрсетіп, қосымша 18 жаңа субұрқақ салынды. 2025 жылы субұрқақтарға қызмет көрсету және сорғы жабдықтарын жаңарту үшін 250 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта барлық субұрқақтар қысқы сақтауға кезең-кезеңімен жиналуда.

Аталған жұмыстар қала инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

评论
其他材料