5 мың тағдыр, бір арман. Ауғанстан қазақтары Димаш Құдайбергенге үндеу жасады

349
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QhLVmOHGDF2eEDuuGQYc9fVVbnWzrPlP7byffnyX.jpg

Ауғанстанда тұратын қазақ диаспорасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Миграция бойынша жаһандық елшісі, белгілі өнер иесі Димаш Құдайбергенге ресми үндеу жолдады, деп хабарлайды “Адырна”.

Үндеуде Димаш Құдайбергеннің Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Миграция бойынша жаһандық елші болуы диаспора үшін үлкен үміт екені атап өтіледі. Осыған байланысты Ауғанстан қазақтары екі негізгі мәселе бойынша көмек сұрайды.

«Құрметті Димаш Қанатұлы!

Бүгінде Ауғанстанның әр аймағында 5 мыңға жуық қазақ өмір сүруде.

Біз – ХХ ғасырда қазақтың басынан өткен ауыр кезеңде Ауғанстанға өткен ұрпақпыз. Бұл елдегі ауыр жағдайға қарамастан, қазақ болып қалуға тырысып келеміз. Бірақ хәліміз ауыр.

Біздің басты арманымыз – тарихи отанға оралу.  Ұрпағымызды аман-есен қазақ ортасына жеткізу”, делінген үндеуде.

Ауғанстан Қазақ мәдени орталығының төрағасы Асадолла Оймауыттың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта 5 мыңға жуық адамның деректері, тізімдері мен қажетті құжаттары толық дайын.

“Қазақстан тарапына жасаған көптеген өтінішке қарамастан, бұл мәселе әлі шешімін таппады. Көш-қон шектеулері бізге Атамекенге оралуға мүмкіндік бермей отыр.

Сіздің Біріккен Ұлттар Ұйымында Миграция бойынша ізгілік елшісі болғаныңыз, бізге үлкен үміт сыйлайды.

Сондықтан Сізден мынаны сұраймыз:

• Бізді репатриациялық бағдарламаға қосуға жәрдем;

• мәдени-гуманитарлық қолдау.

Бізде қазір 5000 адамның ақпараты мен тізімдері және құжаттары дайын”, – деді Ауғанстан Қазақ мәдени орталығының төрағасы.

Аталған үндеу 2025 жылдың 25 желтоқсанында жолданған. Диаспора өкілдері халықаралық ұйымдар мен жауапты тараптар бұл мәселеге назар аударады деген үмітте.

 

评论