Ерлан Қошанов: Жаңа Конституция – тарихтың жаңа парағы

46
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/iuRqWrTNBDbJaIQBoguUrLcr4jPgSOVj5H2evMIE.jpg

Жаңа Конституция жобасы жарияланған күні Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының құжатты талқылауға арналған жиыны өтті.

Депутаттар мемлекеттің орнықты дамуы мен қоғамды біріктірудегі жаңа Конституцияның тарихи маңызын атап өтті. Фракция Негізгі заң жобасына толық қолдау білдіріп, оны түсіндіруге және қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Жиынды ашқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Конституцияның мәтіні қоғаммен бірлесіп әзірленгенін, ал құжат Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы ауқымды реформаларының заңды жалғасы екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция халықпен ашық диалог барысында қалыптасып, жұртшылықтың шынайы мүддесін көрсетеді. Сондықтан оны «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар. Ол еліміздің орнықты дамуының берік негізі болып, ұлтымызды біріктіретін факторға айналуы тиіс. Әр бабын, әр нормасын халыққа кеңінен түсіндіруіміз қажет. «AMANAT» партиясы осы жұмыстың бел ортасында болуға тиіс. Бұл біздің тарихи миссиямыз», – деді Ерлан Қошанов.

Партия Төрағасы Конституция жобасына билік пен қоғамның – Ұлттық қауіпсіздік кеңесі, Ұлттық құрылтай, Қазақстан халқы Ассамблеясы отырыстарында өткен жан-жақты талқылаулардың нәтижелері енгенін, құжатта қазақстандықтардың арман-тілектері мен ұмтылыстары көрініс тапқанын атап өтті. Жобаның кіріспесінде қазіргі уақытта халыққа жақын құндылықтар – Заң мен тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан – бейнеленген. Бұл құндылықтар Конституцияның барлық нормасына бойлай өтіп, мемлекеттің дамуына негіз болады.

Ерлан Қошанов мемлекеттің болашақ заң шығарушы органы – Құрылтайға тоқталды. Жаңа бір палаталы Парламент айтарлықтай күшейтілген өкілеттіктерге ие болып, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қайта қалыптастырады. Құрылтайды партиялық тізім арқылы қалыптастыру қоғамдағы барлық әлеуметтік топтардың мүддесін кең әрі жауапты түрде білдіруге мүмкіндік береді.

Жаңартылған Құрылтай Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын бекітеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Халық Кеңесі» құру жөніндегі бастамасы Конституция жобасында көрініс тапты. Бұл институт этностардың, конфессиялардың, өңірлердің мүддесін ескере отырып, мемлекеттік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституция алғаш рет адами капиталды дамытуға бағытталған. Яғни, мемлекеттің барлық ресурсы азаматтардың әлеуетін ашуға және қолдауға жұмсалады. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституция жобасы адамға бағдарланған мемлекет моделін бекітетінін, қоғамды біріктіру мақсатындағы «Біртұтас Қазақстан халқы» ұғымын енгізетінін атап өтті. Сондай-ақ дербес деректерді қорғау мен адам құқығын қамтамасыз ету нормалары нақты көрсетілген.

Жиында депутаттар жаңа Конституциядағы негізгі жаңалықтарды талқылады. Бақытжан Базарбек пропорционалды сайлау жүйесінің саясаткерлердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыратынын айтты. Қайрат Балабиев «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбиеден басталуы керегін жеткізді. Снежанна Имашева адам және оның құқығы мемлекет басымдығы ретінде Конституция деңгейінде бекітілетінін атап өтті. Юлия Кучинская жаңа Конституция азаматтардың белсенді қатысуына, жауапкершілікке және нақты ықпал етуге негізделетінін айтты.

Нұртай Сабильянов бір палаталы Парламент ашық жауапкершілік пен қоғамның билікке сенімін арттыратынын, Нартай Сәрсенғалиев білім, ғылым және инновацияларды адами капитал ретінде мойындайтынын, Никита Шаталов Парламент келісімімен тағайындалатын вице-президент институты билік тұрақтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

Фракцияның барлық депутаты жаңа Конституция жобасының маңызын жоғары бағалап, оған қолдау білдірді.


评论
其他材料