Бүгінде Алматыдағы жаңа тұрғын үйлерде бір шаршы метрдің орташа бағасы 750–850 мың теңгені құрайды. Мұндай құнның қалай қалыптасатынын Qazaq Expert Club құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнурова түсіндіреді.
«Көбіне жоғары бағаны “құрылыс салушылардың ашкөздігімен” байланыстырады. Алайда іс жүзінде шаршы метріне шартты 800 мың теңгені бөлшектеп қарасақ, қаражаттың қайда жұмсалатыны анық көрінеді.
Ең үлкен шығын бабы – құрылыс – 1 м² үшін 320–380 мың теңгені құрайды. Оның ішінде шамамен 165 мыңы материалдарға (бетон, арматура, кірпіш), 75 мыңы – жалақыға, тағы 30–35 мыңы – сейсмикалық күшейтуге кетеді.
Екінші маңызды бап – жер. Оның құны 1 м² үшін 160–180 мың теңге шамасында. Қаланың жоғарғы бөлігінде және “алтын квадратта” жердің үлесі жалпы құнның *25%-ына дейін жетеді.
Дәл осы құрылыс пен жердің құны қала бойынша баға айырмашылығын қалыптастырады. Материалдар мен жер телімі қаншалықты қымбат болса, соңғы баға да соншалықты жоғары болады.
Мысалы, Алатау немесе Наурызбай аудандарындағы эконом-класс тұрғын үйі 1 м² үшін 480–550 мың теңге, комфорт-класс – 650–780 мың теңге тұрады. Абай көшесінен жоғары аудандарда комфорт және бизнес-класс жаңа үйлердің бағасы 800 мыңнан басталып, 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Медеу ауданындағы элиталық тұрғын үйдің бағасы шаршы метріне 1,5 млн теңгеден басталады.
Сонымен қатар тұрғын үй бағасына ҚҚС-тың 12%-дан 16%-ға дейін өсуі де айтарлықтай әсер етуде. Қазіргі салық жүктемесі 1 м² үшін 144–160 мың теңгені құрайды, бұл шамамен жалпы құнның 20%-ы.
Құрылыс салушының операциялық шығындарын да ескеру қажет. Мысалы, сату кеңселерін ұстау, маркетинг және жарнама 1 м² үшін 56–80 мың теңгеге түседі. Тағы 40–64 мың теңге құрылыс салушылар құрылысқа алынған несиелер бойынша пайыз ретінде төлейді.
Нәтижесінде құрылыс салушының таза пайдасы шамамен 1 м² үшін 50–70 мың теңгені құрайды – бұл жалпы құнның 6–8%-ы ғана. Тәуекелдерді ескерсек, бұл айтарлықтай жоғары маржа емес.
Қорытындылай келе, қазіргі бағалар шекті деңгей емес екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, жаңа тұрғын кешендерінің жанында мектептер мен балабақшалар салу үшін құрылыс салушыларға міндетті жарналар енгізу мәселесі талқылануда. Бұл әрбір шаршы метрдің өзіндік құнына тағы 15–20 мың теңге қосуы мүмкін, – дейді сарапшы.
