Курсант өлімі. Сот екі адамды кінәлі деп тапты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KY1p2orh0Brppi3KGF4lCO6LmYD6vQdcOApbgXG1.webp

Ақтөбеде оқу-жаттығу барысында қаза тапқан 18 жастағы курсантқа қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қайғылы оқиғаға байланысты екі әскери қызметкер бас бостандығынан айырылды. 

Тергеу мәліметінше, қайғылы жағдай 2025 жылдың 15 шілдесінде «Айбын» аэродромында болған. Секіру алдында майор Нұржан Айденов екінші курс курсанты Бақыт Асарбаевтың парашютін тексеріп, оған қолмен ашылатын жүйемен секіруге рұқсат берген. Алайда қолданыстағы талаптарға сәйкес, мұндай оқу-жаттығу секірістері тек мәжбүрлі түрде ашылатын парашютпен орындалуы тиіс болған.

Талаптың өрескел бұзылуы салдарынан шамамен 800 метр биіктікте парашют жүйесі іске қосылмай, курсант жерге құлап, оқиға орнында көз жұмған.

Істі Ақтөбе гарнизонының әскери соты қарады. Сот шешімімен майор Нұржан Айденов пен кіші сержант Заманбек Төлеген қызметке салғырт қарау бабы бойынша кінәлі деп танылды. Айденов 4 жыл 6 айға, ал Төлеген 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот жәбірленуші тараптың талап арызын ішінара қанағаттандырып, Қорғаныс министрлігін марқұмның отбасына 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Бақыт Асарбаев әскери отбасында тәрбиеленген. Оның әкесі Астанадағы әскери бөлімдердің бірінде полковник қызметін атқарады. Жақын туыстарының да басым бөлігі әскери салада еңбек еткен.

评论