Депутат ымдауды заңнамалық деңгейде тануды ұсынды

246
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GLuPYtwfwu6HkVv5qZOw32PFudD4nrbD0UaGNfhc.jpg

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова елімізде ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық деңгейде тануды ұсынды. Тиісті депутаттық сауалды ол премьер-министрдің атына жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақта: «Айтылмаған сөз жетім»,- дейді. Бірақ кейде мәселе адамның айтқысы келмегенінде емес. Мәселе — қоғамның оны түсінбеуінде. Бүгінде елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам бар. Оның 5 мыңға жуығы — балалар. Олар үшін ымдау тілі — жай қарым-қатынас құралы емес. Бұл — олардың әлеммен байланысы. Бұл — олардың тілі. Бірақ парадокс мынада: Қазақстанда ымдау тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде мойындалмаған. Салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр. Бұл — тең мүмкіндік мәселесі»,-деді ол.

Смолякова қазіргі таңда жоғары оқу орындарында есту қабілеті бұзылған студенттердің саны аз екенін атап өтті.

«Бүгінде ЖОО-ларда осы санаттағы студенттердің саны небәрі 185 адам. Неге? Себебі орта бейімделмеген. Қолжетімділік әлсіз. Қолдау жеткіліксіз. Әлемдік тәжірибе мүлде басқа. Жаңа Зеландия ымдау тіліне мемлекеттік мәртебе берді. Финляндия оны Конституцияда бекітті. Көптеген елдерде ымдау тілі білім беру мен мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналған. Ал бізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға сабақ беретін сурдопедагогтардың саны небәрі 221 маман ғана. Бұл мамандарды елімізде тек 4 жоғары оқу орны дайындайды. Ал осы мамандықта оқып жатқан студенттер саны — бар болғаны 35 адам. Бұл — кадр тапшылығының нақты көрінісі»,–деді депутат.

Сондай-ақ ол сурдоаударма қызметінің лимиті жылына 60 сағатпен шектелетінін сынға алды. Депутаттың пікірінше, бұл уақыт азаматтардың күнделікті қажеттілігіне де жетпейді.

Мәжіліс депутаты Үкіметтен ымдау тілін заңнамалық деңгейде тануды, оны білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет және БАҚ салаларында қолдануға кепілдік беруді сұрады. Бұдан бөлек, сурдоаударма қызметінің лимитін қайта қарау, субтитр мен сурдоаудармасы бар контент көлемін арттыру және сурдопедагог мамандарын даярлау санын көбейту ұсынылды.

«Есту қабілеті бұзылған азаматтарға тең мүмкіндік беру — бұл қайырымдылық емес. Бұл — әділетті мемлекеттің белгісі. Барлығы дауыспен сөйлемеуі мүмкін. Бірақ әр адамның естілуге құқығы бар»,- деп түйіндеді ол.

评论