Қашқадариядағы апат. 6 адам қаза тауып, 5 адам жараланды

411
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pFW7WvFViDQu5u4BvZvYyXvgAUXAaySyUZCeFsAT.jpg

8 маусым күні Өзбекстанның Қашқадария облысы Қарши ауданындағы газ құю бекетінде жарылыс болды. Төтенше жағдай нәтижесінде 6 адам қаза тауып, тағы 5 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқиға туралы хабар жергілікті уақытпен 13:50-де «Чаман» махалласындағы газ құю бекетінен түскен. Апат орнына көп ұзамай бес өрт сөндіру тобы жеткен. Министрліктің мәліметінше, өрт 14:05-те оқшауланғанымен, толық сөндіру жұмыстары тек бір сағаттан кейін  аяқталған.

Алдын ала ақпарат бойынша, өрт салдарынан екі Chevrolet Cobalt автокөлігі, екі газ таситын көлік және жанармай сақтайтын екі жер асты резервуары зақымданған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасымен вице-премьер Ачилбай Раматов басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Бұл орган зардап шеккендерге көмек көрсету, жарылыстың салдарын жою, оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың алдын алу мәселелерімен айналысады.

Қазіргі уақытта өрт болған аумақ бақылауға алынып, апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Жарылыстың нақты себебі зерттеліп жатыр.

Айта кетейік, Қашқадарияда мұндай оқиға алғаш рет болып отырған жоқ. Өткен жылдың шілде айында «Өлтиндала» газ құю станциясында жарылыс болғаны хабарланған еді. Ол кезде қайғылы оқиға төрт адамның өмірін қиған.

Мамандардың болжамынша, өртке жанармай сақтайтын резервуардың жарылысы себеп болған. Кейін осы оқиға бойынша құқық қорғау органдары «лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану» және «өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.

评论