«Жалақым үш есеге қысқарды». Бибісара Асаубаева Тоқаевқа үндеу жасады

557
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0J3qHioSUZcmkxqMXOQfHtZMblOiGtddjrpEKmTJ.jpg

Белгілі шахматшы Бибісара Асаубаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол өз үндеуінде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер екенін және әйел шахматшылардың әлемдік рейтингінде бесінші орында тұрғанын еске салды.

«Бүгін ең беделді жарыстардың бірі – Norway Chess турнирі аяқталды. Мен жарыс мәресіне бір тур қалғанда жеңімпаз атандым. Осы маңызды додаға дайындық менің және ата-анамның қаражаты есебінен өтті. Әзірге секундандар мен аналитиктердің еңбегіне ақы төлей алған жоқпыз. Сіздің сөзіңізбен айтқанда, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Медальдарым еңбекпен, денсаулықпен және төзіммен келеді. Барлық қиындыққа қарамастан, спортшы ретінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің туы мен абыройын асқақтатып келемін», – деп жазды шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Асаубаева жыл сайын түрлі қиындықтарға тап болатынын айтты.

«Спорт министрлігімен жұмыс істеу жылдан-жылға қиындап барады. Шахматтан әлем чемпионатын жеңгенім үшін министрлік беретін сыйақы – небәрі 2 мың доллар. Ал Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллар төленеді. Қазақстанда ересектер арасында әлем чемпионы атанған шахматшылар жоқ. Мен екі дүркін әлем чемпионы атанғаннан кейін, 2023 жылдан бастап Спорт министрлігі арқылы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келдім. Алайда 2025 жылы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қызметке келген соң жалақым үш есеге қысқарды. Қазақстан шахмат федерациясынан ешқашан жалақы алған емеспін. 2026 жылдың қарсаңында блицтен үшінші рет әлем чемпионы атандым. Бұл маған әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турниріне қатысу құқығын берді. Соған қарамастан министрлік тарапынан жалақым өскен жоқ», – деді гроссмейстер.

Шахматшының айтуынша, 2026 жылдың қарсаңында блицтен әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медалі оған әлем чемпионы атағына үміткерлер турниріне қатысуға жолдама берген. Қаңтар айында ол спорт министрімен жеке кездесіп, министр «Sport Qory» қоры арқылы толық қолдау көрсетілетініне уәде берген. Алайда қор қажетті қаржының тек бір бөлігін ғана бөлген.

Қаржы тапшылығына байланысты Асаубаеваның секундандары қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған. Салдарынан Бибісара турнирге жеке қолдау тобынсыз келген жалғыз қатысушы атанған. Соған қарамастан ол жарыста екінші орын иеленген. Кейін қордың қамқоршылық кеңесі мақұлдаған екінші өтінім де қор басшылығы тарапынан себепсіз кері қайтарылған.

Бибісара Асаубаева президенттің 2025 жылдың 30 желтоқсанындағы жарлығымен өзіне II дәрежелі «Барыс» ордені берілгенін де еске салды.

«Спорт министрлігінің шақыруымен орденді алу үшін Астанаға үш рет ұшып бардым. Бірақ әр жолы сапарым кейінге шегерілді. Өкінішке қарай, бүгінге дейін орденді алған жоқпын. Сіздің атыңызға eOtinish арқылы сәуір және мамыр айларында үш хат жолдадық, бірақ әлі жауап жоқ. Сол хаттарды министрге WhatsApp арқылы да жібердік. Жауап орнына үнсіздік болды. Алдымызда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен жұмыс күтіп тұр. Құрметті президент, маған не істеу керек?» – деп сұрады шахматшы.

Айта кетейік, Norway Chess Women 2026 супертурнирі 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Осло қаласында өтті. Бибісара Асаубаева мүмкін болатын 30 ұпайдың 16,5-ын жинап, осы турнирде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық шахматшы атанды. Классикалық бағдарламада ол үш партияда жеңіске жетіп, біреуінде жеңіліс тапты және алты ойынды тең нәтижемен аяқтады.

Бұған дейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров та бірнеше ай бойы жалақы алмағанын айтқан еді.

评论