«ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті, сондай-ақ ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде танылған Азамат Қапенов Ресейде сырттай қамауға алынды. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Басылымның мәліметінше, оған «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының бұрынғы иесі Анатолий Балушкинге қатысты іс аясында айып тағылған.
«Екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкцияланды. Қамау мерзімі олардың нақты ұсталған күнінен бастап, ал Ресей Федерациясына экстрадицияланған немесе депортацияланған жағдайда Ресейдің құқық қорғау органдарына тапсырылған сәттен бастап есептеледі», - делінген ағайынды Азамат және Медер Қапеновтерге қатысты іс материалдарында.
Тергеу нұсқасы бойынша, ағайынды Қапеновтер Қазақстанда тіркелген «ПТД» ЖШС-дегі 25 пайыздық үлесті заңсыз иемденді деген күдікке ілінген. Құжаттарға сәйкес, олар компания қызметіне қатысты дауларды шешуге көмектесеміз деп кәсіпкер Анатолий Балушкинді өз әрекеттерінің заңдылығына сендірген. Алайда тергеу олардың бастапқыда алған міндеттемелерін орындауды көздемегенін айтады.
Іс бойынша келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 52 млн рубль деп бағаланған.
Хабарламада Анатолий Балушкиннің Қазақстандағы «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының негізгі акционері болғаны айтылған. Компания қызметін кеңейту үшін ол сол кездегі «Цеснабанктен» (қазіргі Jusan Bank) 66 млрд теңге көлемінде несие алған. Кейін банк қарызды өндіріп алу үшін сотқа жүгініп, сот Балушкин мен оның серіктесі Ерік Сағымбаевтың несие қаражатын жымқырғанын анықтаған. Соның салдарынан кәсіпкердің активтеріне тыйым салынып, компаниялар тобының жұмысы тоқыраған.
Азамат Қапенов Қазақстанда да іздеуде жүр. Оған қатысты сырттай қамауға алу туралы шешім шығарылған.
Еске салсақ, 2025 жылдың сәуірінде Қазақстан соты аса ірі көлемдегі алаяқтық пен салық төлеуден жалтару ісі бойынша «Азия Автоның» бұрынғы топ-менеджерлері Анатолий Балушкинді 9 жылға, ал Ерік Сағымбаевты 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда қазір екеуі де Ресей аумағында жүр және Ресей тарапы оларды Қазақстанға экстрадицияламай отыр.
