Ердоған жаңа Конституция реформасын талқыламақ

230
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dw2WbnDiJecLJtiAxKxLH7I1Z7j2C8Voma0q1I8m.jpg

Түркияның жаңа Конституциясын дайындау 26–28 маусым аралығында президент Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өтетін биліктегі Әділет және даму партиясының үш күндік кеңесінің негізгі тақырыптарының бірі болады. Бұл туралы РИА Новости  жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін Sözcü газеті биліктегі партияның бұрынғы депутаты Шамиль Тайярдың мәлімдемесіне сүйене отырып, Ердоғанның шілдеде Анкарада өтетін НАТО саммитінен кейін елдегі саяси белсенділікті  күшейтіп, жаңа Конституция қабылдауға қатысты нақты қадамдар жасауы мүмкін екенін жазған еді.

«Жаңа Конституция мәселесі алдағы партиялық кеңестің басым тақырыптарының қатарына кіреді. Халықпен түсіндіру жұмыстарының келесі қадамдары мен стратегиясы талқыланады», — деді агенттік сұхбаттасы.

Оның айтуынша, кеңеске партия басшылығы, министрлер, парламент депутаттары және партияның негізін қалаушылар қатысады. Негізгі назар партияның жаңа саяси кезеңдегі мақсаттарына аударылады.

Шілдеде өтетін НАТО саммиті қарсаңында сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді.

Агенттік мәліметінше, тамыз айында партия өкілдері сайлаушылармен жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның қажеттілігі жөнінде қоғамдық пікір сауалнамалары мен түсіндіру науқандарын өткізу көзделген.

Жаңа Конституция жобасы 2027 жылдың басында парламент қарауына енгізілуі мүмкін.

Ердоған бұған дейін бірнеше рет Түркияға елдің одан әрі дамуына негіз болатын жаңа Конституция қажет екенін айтқан. Оның пікірінше, қазіргі Конституция 1982 жылы қабылданған және енгізілген түзетулерге қарамастан, заман талабына толық сай келмейді.

Айта кетейік, биыл 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум өтіп, Ата заң қабылданған еді.

评论