Бразилия экс-президентінің ұлы сотталды

327
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/g36gnYvscME2YWSzk8M17TbX834ZnOkGyTzq8Bht.jpg

Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың ұлы Эдуарду Болсонару АҚШ-ты Бразилияға қарсы санкциялар енгізуге шақырғаны үшін 4 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жоғарғы сот елдің экс-президенті Жаир Болсонарудың ұлы Эдуарду Болсонаруға қатысты үкім шығарған. Оған әкесіне қатысты мемлекеттік төңкеріс ісі қаралып жатқан кезеңде АҚШ-ты Бразилияға қарсы санкциялар енгізуге шақырды деген айып тағылған.

Сот Эдуарду Болсонаруды 4 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдаған.

Судья Алешандри ди Морайестің айтуынша, Болсонару сот билігі мен мемлекеттік органдардың өкілдеріне қысым көрсетуге тырысқан, сондай-ақ шетелде өз елінің мүддесіне қайшы келетін бастамаларды қолдаған.

Сот шешімі бойынша бұрынғы президенттің ұлына сегіз жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды. Ол 2015–2025 жылдары Бразилия парламентінің төменгі палатасының депутаты болған.

Үкім сырттай шығарылды. Қазіргі уақытта Эдуарду Болсонару АҚШ-та тұрады. Егер ол Бразилияға оралса, қамауға алынуы мүмкін.

Еске салсақ, 2022 жылғы қазанда Бразилиядағы президент сайлауының нәтижелері жарияланғаннан кейін елде жаппай наразылық шерулері өткен еді. Наразылықтар сайлауда жеңіске жеткен Луис Инасиу Лула да Силваның қызметіне кірісу рәсімінің алдында басталған.

2023 жылғы қаңтарда Жаир Болсонарудың сайлау нәтижелерімен келіспеген жақтастары Бразилия астанасындағы парламент ғимаратын басып алған. Олар президент резиденциясы саналатын Планалту сарайы мен Жоғарғы сот ғимаратының аумағына да кірген.

Кейін Жаир Болсонару өз жақтастары ұйымдастырған тәртіпсіздіктерге қатысты мәлімдеме жасап, болған оқиғаны айыптады.

2023 жылғы шілдеде Болсонару сайлау қарсаңында билігін асыра пайдаланды және сайлау нәтижелері бұрмалануы мүмкін деген жалған мәлімдемелер жасады деп танылды. Соның нәтижесінде сот оған сегіз жыл бойы президенттік сайлауға қатысуға тыйым салды.

Ал биыл ақпанда Бас прокуратура оған мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айыпты қайта тақты. Күзде Жаир Болсонару әскери төңкеріс ұйымдастыруға дайындалды деген айыппен 27 жылға бас бостандығынан айырылды.

评论