Путин Мемлекеттік Дума сайлауының күнін белгіледі

260
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/949pQSxbxctHOe0YOJAJ1eUfxjVia61QYK55k5wx.jpg

Ресей президенті Владимир Путин 9-шақырылымдағы Мемлекеттік Дума сайлауын 20 қыркүйекке белгілеу туралы жарлыққа қол қойды. Тиісті құжат 16 маусым күні құқықтық ақпараттың ресми интернет-порталында жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Дауыс беру бұрынғыдай үш күнге созылады. 20 қыркүйек дәстүрлі учаскелерде дауыс берудің соңғы күні болады. Сайлау Ресейдегі өңірлік және муниципалдық сайлаулармен бірге Бірыңғай дауыс беру күні аясында өтеді.

Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилованың айтуынша, сайлау науқаны 16 маусымнан басталған. Бұған дейін ол дауыс беру кезеңінде бірқатар өңірде байланыс пен интернет жұмысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін екенін айтып, азаматтарды түсіністікпен қарауға шақырған.

«Байланыс пен интернетке қатысты шектеулер қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі», – деді ол.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Булаев комиссия ел өңірлеріндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарына байланысты ахуалды ескере отырып, арнайы қаулы жобасын дайындағанын мәлімдеді.

Бұл – Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталғаннан кейін өтетін алғашқы Мемлекеттік Дума сайлауы. Дауыс беру алғаш рет Ресей билігі өз құрамына қосты деп жариялаған Украинаның Донецк, Запорожье, Херсон және Луганск облыстарының басып алынған аумақтарында ұйымдастырылады. Аннексияланған Қырымда мұндай сайлаулар бұған дейін де өткен.

Елдің 33 өңірінде қашықтан электронды дауыс беру өткізіледі. Десе де, бұл жүйе бірнеше рет сынға ұшырап, журналистер мен сарапшылар онлайн дауыс беру барысында жаппай бұрмалаушылықтар болғанын мәлімдеген еді.

Сайлау партиялық тізімдер және 225 бірмандатты округ бойынша өтеді. Сайлауға 17 партия қатыспақ. Олардың 12-сі өңірлік парламенттерде өкілдігі болғандықтан қол жинаудан босатылған.

Оппозициялық кандидаттар үшін сайлау науқаны күрделі жағдайда өтпек. Заңнаманың кезекті қатаңдатылуынан кейін Ресей билігі өзіне ұнамайтын кандидаттарды сайлаудан шеттету мүмкіндігін кеңейткен. Соның салдарынан «Яблоко» және Коммунистік партияның бірқатар танымал өкілі әкімшілік жазалар мен қылмыстық істерге байланысты сайлауға қатысу құқығынан айырылған.

«Яблоко» партиясы Украинадағы соғысқа қарсы ұстаным білдіретін және сайлауға қатысуға рұқсат алған жалғыз саяси күш болып қалып отыр. Партия екі тарапты да бейбіт келіссөздерге шақырады. Ал соғысқа қарсы және оппозициялық ұйымдардың басым көпшілігі сайлауға жіберілмеген.

Алдыңғы Мемлекеттік Дума сайлауы 2021 жылдың 17–19 қыркүйек аралығында өткен еді.

评论