«Алтыналмас» "Майқайыңалтынды" сатты

65
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gpD1ROISuW3rY1hKTnVKdeYe66uDeamn6acDFACu.jpg

Алтын өндіруші «Алтыналмас» компаниясы «Майқайыңалтын» кәсіпорнындағы 100 пайыз акциясын өзінің бас компаниясы – Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V. құрамындағы Gouden Reserves Kazakhstan ұйымына сатты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Компанияның мәліметінше, мәміле құны 8,7 миллиард теңгені құрады. Сатып алу-сату келісімшарты 2026 жылғы 27 сәуірде рәсімделген.

«Майқайыңалтын» Павлодар облысындағы Майқайың жерасты кенішіне, кен байыту кешеніне, орталық қазандыққа және көлік цехына иелік етеді. Сонымен қатар кәсіпорынның орталық қазандығы өндірістік нысандарды ғана емес, шамамен 10 мың тұрғыны бар Майқайың кентін де жылумен қамтамасыз етеді. Компания алтын құрамды кен өндірумен айналысады және бұған дейін 2026 жылы өндіріс көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлаған болатын.

Бұған дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, «Алтыналмас» акцияларының негізгі бөлігі нидерландтық Gouden Reserves B.V.-ға тиесілі болған. Сонымен қатар 2026 жылдың наурызында Integra Construction KZ құрылыс тобының иесі, қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мұтәліп «АК Алтыналмас» компаниясының 100 пайыз акциясын сатып алу туралы келісімге қол қойғаны белгілі болған еді.

Сондай-ақ компанияның 2025 жылға арналған есебінде «Анисимов Ключ» және «Майқайыңалтын» активтерін бас компанияның қарамағына өткізу жоспарланғаны көрсетілген. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам «Алтыналмас» компаниясын жаңа инвесторға сату мәмілесінің бір бөлігі болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылдың 4 қаңтарында Павлодар облысында “РЦШ ПВАСС” ЖШС-нің құтқарушылар мінген автобусы жер астындағы ойыққа құлап, төрт адам қаза тапқан еді.

评论