Шығыс Қазақстанда орман өрті тіркелді

204
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TkuGBqVAE39FwB52WLgP4GpmOih6LlEqzsYrjSSd.jpg

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында орман өрті шығып, оны сөндіру жұмыстарына арнайы күштер мен авиация тартылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт Аюда шатқалындағы «Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» аумағында тұтанған. Жалын құрғақ шөпті, бұталарды және орман алқабын шарпыған. Қазіргі уақытта өрттің нақты көлемі анықталып жатыр.

Тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарына экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері және төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазәуеқұтқару» акционерлік қоғамының екі тікұшағы жұмылдырылды.

Өрттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында құтқарушылар бірнеше бағытта жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ әуеден су төгу арқылы жалын ошақтарын сөндіру шаралары қолға алынған.

Қазір жауапты қызметтер жағдайды бақылауда ұстап, өртті толық оқшаулау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

评论