Балқашта жаздың басты туристік оқиғасына 75 мың қонақ жиналды

88
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yJQLm63KTdPrawVM16TQipMpkvQ3EaDsnR34Tfxw.jpg

75 мың қонақ, көл үстінде қалықтаған мыңдаған жарық, рекорд жаңартқан қазыбургер және түнге дейін жалғасқан мерекелік көңіл күй. Balkhash Tour Fest – 2026 Балқаш жағалауын еліміздегі жазғы демалыстың ең тартымды орталықтарының біріне айналдырып, Қазақстандағы ең ауқымды туристік іс-шаралардың бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.

Екі күн бойы көл жағалауы спортты, шығармашылықты, отбасылық демалысты және жарқын әсерлерді тоғыстырған үлкен мерекелік кеңістікке айналды. Фестивальдің алғашқы күнінде ғана шамамен 35 мың адам келсе, жалпы екі күн ішінде шараға 75 мыңға жуық қонақ қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген демалушылармен бірге шетелдік туристер де болды.

Фестивальдің ең әсерлі бағдарламаларының бірі – белгілі қазақстандық балуан Сергей Цырульниковтың қазақтың даңқты батырларына арналған шоуы болды. Ал кешкі уақытта көрермендерді бұдан да ерекше тосынсый күтіп тұрды. 

Балқаш тарихында алғаш рет көл айдынының үстінде ауқымды дрон-шоу ұйымдастырылды. Аспанға көтерілген 500 ұшқышсыз аппарат жарық арқылы Қазақстан мен Балқаштың тарихы мен келбетін бейнелейтін көркем композициялар құрды.

Дегенмен фестивальдің мазмұны тек әуе шоуымен шектелген жоқ. 

Екі күн бойы алаңда ондаған тақырыптық аймақ қатар жұмыс істеп, әр жастағы қонақтарға өз қызығушылығына сай демалыс түрін таңдауға мүмкіндік берді.

Фестиваль аясында ерекше гастрономиялық рекорд та тіркелді. 

Сахна төрінде салмағы 86,4 келі болатын Қазақстандағы ең ірі қазыбургер әзірленді. Бұл жетістікті ресми тіркеу үшін Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы арнайы шақырылды.

Спорт сүйер қауымды Cuprum Swim жаппай жүзу жарысы біріктірді. Бір және үш шақырымдық қашықтықтарға еліміздің әр өңірінен келген 300-ге жуық қатысушы шықты. 

Әуесқойлар ашық суда өз мүмкіндіктерін сынаса, кәсіби спортшылар жүлделі орындар үшін бақ сынады. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүкіл бағыт бойында құтқарушылар кезекшілік атқарды.

Екі күнге созылған би турнирі Қазақстан мен Ресейден келген жас дарындардың басын қосты. Қатысушылар басты жүлде – Шанхай қаласындағы халықаралық FRESH DANCE CAMP би лагеріне жолдама үшін бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениеті арқылы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған астаналық биші Rufina Lu Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Фестиваль танымал қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өткен ауқымды гала-концертпен түйінделді. Мыңдаған көрермен сүйікті әндерін бірге шырқап, ерекше атмосфераның куәсі болды. AYAU мен фестивальдің хедлайнері 6ELLUCCI-дің өнер көрсетуі кештің шарықтау шегіне айналды. Ал Балқаштың түнгі аспанын жарқыратқан мерекелік отшашу фестивальді әсерлі қорытындылады.

Алайда фестиваль тарихы мұнымен аяқталмайды. 

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта Balkhash Tour Fest – 2027 фестиваліне дайындық жұмыстарын бастамақ.

Сонымен қатар фестиваль өткен алаң жаз бойы бос тұрмайды. Демалыс күндері мұнда концерттер, дискотекалар, көрмелер, отбасылық мерекелер және басқа да бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама қала тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, Балқашқа келетін туристердің демалысын одан әрі қызықты ете түспек.

Бүгінде Балқаш тек жағажай туризмімен шектелмейді. Фестиваль аясында жұмыс істеген туроператорлар павильонында Балқаш өңірі бойынша жаңа туристік бағыттар таныстырылды. Солардың бірі өңірдің табиғи жауһары саналатын тораңғы тоғайларына арналды.

Бүгінде Balkhash Tour Fest жай ғана жазғы мереке емес. Ол – Балқаш өңірінің туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің тартымдылығын күшейтуге және ішкі туризмді жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналды.

评论
其他材料