Жеңілдетілген виза, серіктестік. Президент Еуропалық Одақ басшыларымен стратегиялық ынтымақтастықты талқылады

308
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mpHJ1gFGngrTNYCFaCd9cRAW0wpTrsHWJuApI7a2.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Еуропалық Кеңестің президенті Антониу Кошта және Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Басшылар кездесуінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Келіссөздер барысында Президент екіжақты қарым-қатынас соңғы жылдары жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастық бүгінде стратегиялық сипат алып, түрлі саладағы байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Президент Тоқаев Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара тиімді әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін айтып, жақында қол қойылған құжаттар мен меморандумдар осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол еліміз ЕО-мен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған және оны ратификациялаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет екенін еске салды. Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Президенттің айтуынша, Еуропалық Одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. Еуропалық компаниялар ел экономикасының түрлі секторларында белсенді жұмыс істеп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келеді.

Өз кезегінде Еуропалық Комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен соңғы он жылда Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда айналымы айтарлықтай өсіп, өзара байланыстардың қарқыны күшейгенін айтты. Ол тараптардың ауыл шаруашылығы сияқты бағыттарда әріптестікті әртараптандыруға, саудадағы кедергілерді азайтуға және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Урсула фон дер Ляйен хабарлауынша, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселесі бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздер аяқталуға жақын. Ол тараптар визалық рәсімдерді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда осы бағыттағы келіссөздер іс жүзінде соңғы кезеңіне жеткен.

评论