Auyl sport түлектері халықаралық аренада топ жарды

230
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/czkH3gCf5pVz557NCaDVtArwzc5h2klRMLUvOGcr.jpg

Ауыл балалары халықаралық аренада Қазақстан намысын тағы да абыроймен қорғады. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырып келе жатқан Auyl Sport жобасының жеңімпаздары Қырғызстанда өткен екі бірдей халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды.

Қостанай облысы Әулиекөл ауылының қыздар баскетбол командасы Ыстықкөл жағалауында өткен II Халықаралық Ұлттар кубогында үздік үштікке енді. 20-27 маусым аралығында Тамға ауылында ұйымдастырылған додаға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейден келген 10-нан астам команда қатысты. Осындай мықты қарсыластар арасында Әулиекөл қыздары қайсар мінез көрсетіп, қола жүлде жеңіп алды.

Ал Жетісу облысы Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылының 2010-2011 жылы туған жасөспірімдері Шолпан-Ата қаласы, Бостері селосында өткен «Ұлттар достастығы кубогі» халықаралық турнирінде үшінші орын иеленді. 21-26 маусым аралығында өткен жарысқа Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 8 команда қатысты. Қазақстан атынан Basket Kids, Tamos Eagles және Auyl Sport командалары сынға түсті.

Бұл турнирде бірінші орынды Қазақстанның Tamos Eagles командасы жеңіп алса, екінші орын Қырғызстанның «Қалқан» командасына бұйырды. Ал Auyl Sport намысын қорғаған Қоңырөлең жасөспірімдері қола жүлдегер атанды. Команданың 10-нөмірлі ойыншысы Мұқатай Нұрсұлтан турнирдің үздік ойыншысы атанып, MVP арнайы сыйлығын иеленді.

Қоңырөлең командасының жаттықтырушысы Қабдолда Бекдос ауыл балаларының кәсіби клубтармен тең дәрежеде ойнағанын ерекше атап өтті.

«Auyl Sport командасынан басқа турнирге қатысушылардың барлығы баскетбол клубтары мен арнайы даярлайтын мектептерден келген құрамалар. Кішкентай ауылдан шыққан қазақ балаларының үлкен аренада мұндай командаларға төтеп беріп, жүлделі орын иеленуінің өзі ауыл спортының әлеуеті күшті екенін дәлелдейді», – деді Қабдолда Бекдос.

Әулиекөл қыздарының жаттықтырушысы Игорь Сероус та халықаралық турнир ауыл балалары үшін үлкен тәжірибе болғанын жеткізді.

«Қыздарымыз бұл турнирде нағыз мінез көрсетті. Әр ойын біз үшін үлкен тәжірибе болды. Халықаралық деңгейдегі командалармен кездесіп, өз күшімізді сынадық. Осындай мүмкіндік берген Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорына ерекше алғыс айтамыз. Ауыл балалары үшін мұндай қолдаудың маңызы өте зор. Бұл жеңіс – тек біздің команданың емес, ауыл спортына сенім артқан барша азаматтың ортақ жеңісі», – деді жаттықтырушы Игорь Сероус.

Жас спортшылардың турнирге қатысуына байланысты жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры қамтамасыз етті.

Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, Auyl Sport жобасы ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік алаңына айналып отыр.

«Біздің жоба – жай ғана спорттық бастама емес, бұл – нағыз әлеуметтік лифт. Бұл ауыл балалары үшін жаңа көкжиекке жол ашып, өзіне сенуге және үлкен жетістіктерге алғашқы қадам жасауға берілген мүмкіндік. Сол мақсатқа жету үшін біз балалардың турнирге қатысуына қажет барлық жағдайды – жол жүру, тұру, тамақтану, спорттық киім және өзге де ұйымдастыру шығындарын өз мойнымызға алдық. Балалар ештеңеге алаңдамай, бар назарын дайындыққа, ойынға және жеңіске аударуы керек. Осындай бастамалар ертеңгі Қазақстанды құратын жастардың бойында сенім мен мінез қалыптастыратынын көріп отырмыз», – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Бүгінде «Auyl Sport» жобасының жеңімпаздары республикалық деңгеймен шектелмей, шетелдік жарыстарда да ел абыройын асқақтатып жүр. Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасында ұлттық құрама сапындағы 22 спортшының 12-сі осы жобаның жеңімпаздары болды. Ауылдан шыққан спортшылар бокстан үш алтын, еркін күрестен бір алтын медаль жеңіп алып, шахматтан халықаралық ұйымдастырушылардың екі арнайы жүлдесіне ие болды.

Сондай-ақ, жоба қатысушылары Атыраудағы AiRomCup, Астанада өткен Kazakhstan Open және Қырғызстандағы халықаралық волейбол турнирлерінде де бақ сынады. Kazakhstan Open додасында ауылдан шыққан екі спортшы күміс пен қола жүлде алса, Қырғызстандағы халықаралық турнирде қазақстандық ауыл волейболшылары чемпион атанды.

Ал биылғы Әулиекөл қыздары мен Қоңырөлең жасөспірімдерінің қола жүлдесі – ауыл спортына жасалған сенімнің нақты нәтижесі. Бүгін олар қола алды. Ертең сол ауыл балалары Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбіретеді.

评论
其他材料