Президент қос палатаның 30 жылдық қызметіне баға берді

222
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DxGWnon4YSEsYFVrCRGA7rM8yXwuqFBdk5zA6wi8.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенаттың 30 жылдағы қызметіне жоғары баға берді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Ақорда дерегінше, Мемлекет басшысы қос палаталы Парламенттің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның айтуынша, заң шығарушы орган осы уақыт ішінде елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге, мемлекеттілікті нығайтуға және нарықтық экономиканы дамытуға бағытталған 3,5 мыңға жуық заң қабылдаған.

«30 жыл ішінде аса қажет 3,5 мыңға жуық заң қабылданды. Оның әрбір оныншысының бастамашысы – депутаттар. Заң шығару жүйесінің қалыптасуына халқымызға және халықаралық қауымдастыққа кеңінен танымал саясаткерлер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері атсалысты», – деді Президент.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың еңбегі Парламент тарихында ерекше із қалдырып, халық жадында сақталатынын айтты.

Президенттің сөзінше, бұл бірлескен отырыс тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұтас бір кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Ол Парламенттің заман талабына бейімделіп, қоғам сұранысына жедел жауап беретін сындарлы институт ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жоғары парламенттік мәдениетті Қазақстанның дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде бағалады.

评论