Бішкектің Бірінші Май аудандық соты Қырғызстанда үлкен қоғамдық резонанс тудырған билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген іс бойынша үкім шығарды. Сот бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Тәшиевті, Жогорку Кеңестің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулуын және экс-депутат Құрманқұл Зулушевті кінәлі деп таныды, деп хабарлайды “Адырна” порталы ВВС-ге сілтеп.
Сот үш саясаткер мен осы іс бойынша тағы бес айыпталушыны төрт жылға бас бостандығынан айырып, үш жылдық пробация белгіледі. Егер осы үш жыл ішінде олар заңды немесе пробация талаптарын бұзса ғана, нақты түрме жазасын өтейді.
Сондай-ақ сот барлық сегіз айыпталушының мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге судья Азирет Медеров олардың барлығын қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану айыбы бойынша ақтады.
Үкім жарияланғаннан кейін қамауда отырған аты көпшілікке аса таныс емес бес айыпталушы сот залында босатылды.
Бұған дейін, 1 шілдеде, прокурор барлық айыпталушыларды тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Мемлекеттік айыптаушы істің құпия екеніне сілтеме жасап, пікір білдіруден бас тартты.
Тәшиевтің адвокаты Икрамидин Айтқұлов BBC-ге берген сұхбатында өзі де, қорғауындағы тұлға да тағылған айыптармен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, прокурор айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін «ешқандай дәлел» ұсынбаған.
Парламенттің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу журналистерге бұл істі түсіндіріп, билікті басып алуға әрекеттенді деген айыпты «абсурд» деп атады.
«Өздеріңіз де түсінесіздер: мен биліктің ішінде жүріп, билікті қалай басып аламын? Өзімнен өзім билікті қалай тартып аламын? Егер мен, өздеріңіз айтқандай, мемлекеттегі екінші адам болсам, онда мұндай айыптаулардың өзі қисынсыз», — деді саясаткер.
57 жастағы Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың 15 жылдан астам уақыт бойы ең жақын серіктерінің бірі болды. 2020 жылғы қазанда ол ҰҚМК төрағасы болып тағайындалып, кейін Премьер-министрдің орынбасары қызметін де қатар атқарды.
Биылғы ақпанда президенттің жақын серігі барлық мемлекеттік қызметтерінен босатылды. Бұған парламентке 75 адамның кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы үндеуі түскеннен кейінгі жағдай себеп болды.
Үндеуге саясаткерлер, қоғам қайраткерлері және бұрынғы шенеуніктер қол қойған. Кейін олардың кейбіріне қатысты билікті күшпен басып алуға әрекеттену бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қамшыбек Тәшиев 30 сәуірде билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген іс бойынша күдікті ретінде танылды. Сонымен қатар оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.
Іс құпия деп жарияланып, сот процесі мамыр айының ортасында басталды. Нәтижесінде іс небәрі бір жарым ай ішінде қаралып шықты.
Адвокат Икрамидин Айтқұловтың айтуынша, оның қорғауындағы азаматқа 75 адамның үндеуін дайындаушылармен байланысы болды деген айып тағылған.
Бұл үндеуде «президенттің жаңа сайлауын шұғыл түрде өткізу бастамасын көтеру» ұсынылған. «75-тің хаты» қазіргі биліктің жетістіктерін — мемлекеттілікті нығайту, көрші елдермен шекара мәселелерін реттеу, сыбайлас жемқорлықпен күрес және басқа да жұмыстарды атап өтуден басталады. Екінші бөлігінде «қазіргі жоғары басшылық қызметінің алғашқы кезеңі қисынды түрде аяқталды» деп көрсетілген.
Парламент төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу бұл үндеуді 9 ақпанда алған. Келесі күні Тәшиев ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылды. Осыдан кейін елде бірқатар қызметтен босатулар мен тұтқындаулар басталды. Сол кезде Тұрғынбек уулу да парламент төрағасы қызметінен кетіп, кейін депутаттық мандатынан айырылды.
Халықаралық республикалық институттың (IRI) сауалнамаларына сәйкес, соңғы жылдары Тәшиевтің рейтингі 14%-дан 22%-ға дейін өскен. Ал президент Садыр Жапаровқа деген сенім деңгейі 35–38% шамасында сақталған.
Қырғызстан Жоғарғы сотының Конституциялық палатасының түсіндіруінше, келесі президент сайлауы 2027 жылдың қаңтарында өтуі тиіс. Сол кезде Жапаровтың алғашқы президенттік мерзімі аяқталады. Жаңартылған Конституция оған тағы бір мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік береді.
