Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Қазақ диаспорасы мекендеген елде жергілікті режиссер қандастар туралы деректі фильм түсіріп, олардың қазіргі салт-дәстүрі мен өткен тарихы жайында баяндайды.

80 миллион халқы бар Иранда аздаған қазақ диаспорасы тұрады. Айналдырған бірнеше мың қазақ миллиондардың жанында теңіздегі тамшы ғана іспетті. Иран көпұлтты мемлекет болғанымен, төлқұжатқа адамдардың ұлтын көрсетпейді. Алайда жергілікті адамдардан басқа ұлттар мен басқа діндегілердің салт-дәстүр, жол-жоралғысын өтеуде кедергі бөгет жоқ. Тек ортақ заңға қайшы келмесе болғаны. Сондай ортада өскен Иран қазақтарының бүгінгі тынысын жергілікті режисердің көзімен көрсететін деректі фильм түсірілді.
МӘЖБҮРЛІ КӨШ

Ирандық режиссері Әмір Хушанг Данаидың «Темір құрсауды жарып өту» деректі фильмі қазақтардың күштеп қоныс аударуы хикаясынан сыр шертеді.
Фильмде Маңғыстау қазақтарының большевиктердің зорлықшыл саясаты мен коллективизация кесірінен Иранның бүгінгі Гүлістан провинциясы қалаларына қоныстануы туралы баяндалады. Бұған дейін «Темір құрсауды жарып өту» фильмі Алматыдағы Фараби университетінің шығыстану профессорларына, парсы тілі мұғалімдеріне және ирантанушыларына, сондай-ақ Алматыдағы Абай университетінің тарих профессорлары мен зерттеушілеріне көрсетілді.
Бұған дейін қазақстандық режиссерлердің Иран қазақтары туралы бірнеше фильм түсіргені белгілі. Бертінде қазақстандық блогерлердің Иран қазақтары ортасына сапарлап, әлеуметтік желіде Иран қазақтарының қазіргі жай-күйі жайында баяндаған.
Алайда ирандық режиссерлердің назарынан бұл тақырып қалыс қалып келген. Бас-аяғы 40 минуттан тұратын «Темір құрсауды жарып өту» деректі фильмі – Ирандағы деректі кино тарихында алғаш рет қарастырылып отырған тақырып.
1929-1933 жылдар аралығында диктатор Иосиф Сталин басқарған Кеңес Одағы билігі кезінде ұжымдық меншіктің енгізілуі және Қазақстанның көшпелі халқының малдары мен малын күштеп тартып алу және қолдан ұйымдастырылған Ашаршылықтың салдарынан Қазақстан халқының бір бөлігі Моңғолияға, Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға, Иранға және т.б. елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Олардың бірі Ауғанстан, Моңғолия мен Қытай елдерінде бұрыннан мекендеп отырған туыстарын сағаласа, енді бірі Иран, Үндістан, кейіннен Пәкістан, тіпті Сауд Арабиясы тәрізді бұрын-соңды қазақ диаспорасы шоғырланбаған елдерден пана іздеп кетті.
Сол жылдары Маңғыстау қазақтарының бір тобы Иранға қоныс аударды. Бұл жайдан жай бола салған жоқ. Олар Каспий теңізінің солтүстік-батысынан Түркіменстан жері арқылы мәжбүрлі көштің бар бейнетін шеге отырып, Иранның сол кездегі Мазендаран уәлаяты, кейіннен Гүлстан аталған аймағындағы жергілікті түркімендер ортасындағы Горган, Күмбед және Каспийдің арғы жағалауындағы бүгінде Бандар Түркіман аталатын қалаларға шашырай қоныстанды.
МАҢҒЫСТАУ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ІЗІМЕН

«Темір құрсауды жарып өту» фильміндегі сценарий авторы және режиссер Әмір Хушанг Данаи Қазақстанда 22 жылдан бері тұрады. Ол Iran Press ақпарат агенттігі мен Иран теле-радио бірлестігінің Қазақстандағы тілшісі қызметін атқарады. Ол бұған дейін бірнеше қысқаметражды фильмдер мен телехикаяларды түсірген. Данаи – Иранда Масуд Кимиаи мен марқұм Әли Хатами сияқты атақты режиссерлердің мектебінен өткен маман.
Оның Қазақстан университеттерінде көрсетілген «Темір құрсауды жарып өту» фильмінің тұсаукесер рәсімінде фильмнің режиссері Әмір Хушанг Данаи туындының түсірілуі жайлы мынандай жайларды атап өтті.
«Мен соңғы 4-5 жылдан бері Маңғыстау қазақтары туралы құжаттарды, мұрағаттық деректер мен сақталған ескі суреттерді зерттеп, жинай бастадым. Арасында Горган, Бандар Түркман және Күмбед қалаларында отырған ирандық қазақтардың отбасылары мен әдет-ғұрыптарын түсірдім, сондай-ақ кейінірек жұмысымды Иран қазақтары тұратын Қазақстанның Ақтау қаласында жалғастырдым. Ал фильмнің кейбір бөліктері Алматыда түсірілді», - дейді ол.
Фильм режиссері Данаидың айтуынша, деректі фильмнің монтаждау кезеңіндегі маңыздылығы мен қалыптасуын ескере отырып, парсы тілінде түсірілген туынды әуелде екі түрлі монтаждаудан өткен.
«Бірақ мен оны қабылдамадым, ал Қазақстанда көрсетілген фильм – үшінші монтаждың нәтижесі», - дейді ирандық режиссер.
«Темір құрсауды жарып өту» фильмі Абай университетінде көрсетілгенде тарих профессорларының бірі туындыға ризашылығын білдіре отырып «Бұл фильмді оқытуда оқу құралы ретінде пайдалануға болады,-» деген ұсыныс айтқан.
Ал Фараби университетінің шығыс тілдері профессоры бұл фильмде бірегей мұрағаттық суреттер мен құжаттар бар екенін атап өтіп, «Ирандағы қандастардың өмірі бұл фильмде өте жақсы бейнеленген, және мен бұрын Иранда тұратын қазақтардың жақсы өмір сүретінін естігенмін, және бұл айқын көрінді»,- деген пікір білдірген.

Ирандық режиссер Әмір Хушанг Данаидың «Темір құрсауды жарып өту» фильмінде 1980-1988 жылдар аралығындағы Иран-Ирак соғысына қатысқан Иран қазақтары жайында да айтылады. Маңғыстауда, жалпы Қазақстанда белгілі Ақбөбек-Қайып оқиғасындағы Ақбөбек те кезінде Иранға ауып барып, сонда өмірден өтті.

Бір ғасырдай бұрынғы мәжбүрлі көшпен елден кетіп, қазір Иранды мекендеген қазақтардың саны 3-4 мың деп шамаланады. Қазақстан тәуелсіздік алған соң олардың бір бөлігі атамекенге көшіп келген. Алайда атамекенге жерсіне алмай, қайта кері көшіп кеткендер де бар. «Темір құрсауды жарып өту» фильмінде бұл туралы айтылады.
Бір айта кетерлігі, «Темір құрсауды жарып өту» фильмі – бүгінде қазақ диаспорасы мекендеген елдің режиссері түсірген бірден бір туынды. Осы кезге дейін қандастар туралы қазақстандықтар түсіріп келсе, бұл – ендігіде қазақтар тұратын елдегі деректанушының да осы тақырыпқа назар аударғанын көрсетеді.


Жүсіп-Мұған Кедейұлы
