Қазақстан және ОПЕК+ елдері тамызда мұнай өндіру көлемін арттырады

162
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/d0DxIMeC4i38UwuoWtzJyXkqLqGNjv9T04dtd3Ms.jpg

ОПЕК+ ұйымына мүше жеті ел 2026 жылдың тамызында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге арттыру туралы келісімге келді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Олардың қатарында Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман бар.

Бұл шешім 2023 жылдың сәуірінде енгізілген ерікті өндірістік шектеулерден кезең-кезеңімен бас тарту аясындағы кезекті қадам болмақ.

Жарияланған кестеге сәйкес, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі тәулігіне 10 мың баррельге ұлғайтылады. Осылайша ел үшін белгіленген өндіріс деңгейі тәулігіне 1,618 миллион баррельді құрайды.

ОПЕК+ алдағы шешімдер мұнай нарығындағы жағдайға байланысты қабылданатынын атап өтті. Қажет болған жағдайда елдер өндірісті арттыру қарқынын жеделдете алады немесе бұл үдерісті уақытша тоқтатып, тіпті кері қайтаруы мүмкін. Сондай-ақ келісімге қатысушы мемлекеттер өз міндеттемелерін орындауды жалғастырып, 2024 жылдың қаңтарынан бері келісілген квотадан артық өндірілген мұнай көлемін өтеуге уағдаласты.

Тараптар мұнай нарығындағы жағдайды бағалау үшін ай сайын кездесулер өткізу туралы да келісімге келді. ОПЕК+ ұйымының келесі отырысы 2026 жылғы 2 тамызда өтеді.

评论