Қазақстан мен Ресейден баруы мүмкін. Әзербайжанға шегірткенің инвазиялық түрлері жетті

97
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yQpIqXXaSlj96PjllvpMveDsXee0trsfHaK1qe4i.webp

Әзербайжан өз аумағында Қазақстан мен Ресейден тарауы мүмкін шегірткенің жекелеген түрлері тіркелгенін жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Әзербайжанның азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, мамандар елдің түрлі аймақтарындағы 95 бақылау нүктесінде мониторинг жүргізген. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде карантиндік санатқа жатпайтын инвазиялық шегіртке түрлерінің, атап айтқанда, кіші крест тәрізді шегіртке, бербер шегірткесі және басқа да түрлердің қоныс аударғаны анықталған.

Зерттеу қорытындысы бұл жәндіктердің Әзербайжан фаунасына тән емес екенін көрсетті делінеді. Мамандар олардың Қазақстан мен Ресей аумағынан көшіп келген болуы мүмкін екенін болжауда.

Қазір фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Әзербайжанның азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі, ауыл шаруашылығы министрлігі және экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп мониторинг пен зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Қабылданып жатқан шаралар шегірткенің санын бақылауға, ауыл шаруашылығы алқаптарына келетін зиянды азайтуға және олардың басқа аумақтарға таралуының алдын алуға бағытталған.

Айта кетейік, соңғы күндері Әзербайжанның бірнеше өңірінде шегірткенің шамадан тыс көбеюі байқалған.

评论