2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдік беру тетігі өзгереді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ақпарат таратты. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына инфляция деңгейін ескере отырып кепілдік береді. Егер инвестициялық табыс инфляциядан төмен болса, айырмашылық мемлекет тарапынан өтеледі.
Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл тетік күшін жояды. Енді мемлекет азаматтың зейнетақы шотына нақты аударылған міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына ғана кепілдік береді. Инфляция салдарынан қаражаттың құнсыздануы енді өтелмейді.
БЖЗҚ мәліметінше, өзгерістер азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқаруда көбірек мүмкіндік беру мақсатында енгізіліп отыр. 2026 жылдың қыркүйектен бастап салымшылар міндетті зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспайды. Азаматтар зейнетақы қаражатын Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе оны бір немесе бірнеше жеке басқарушы компанияға сеніп тапсыруға мүмкіндік алады. Әр компанияның инвестициялық стратегиясы, тәуекел деңгейі және күтілетін кірістілігі әртүрлі болады.
Сонымен қатар мемлекет жеке басқарушы компаниялардың қызметін бақылауды жалғастырады. Егер компанияның инвестициялық кірістілігі белгіленген ең төменгі деңгейден төмен болса, айырмашылықты компания өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
БЖЗҚ зейнетақы шоттарын жүргізуді жалғастырады. Салымшылар өз жинақтарының көлемі мен басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қордың арнайы ақпараттық сервисі арқылы бақылай алады.
