Аида Балаева мәйіттік донорлыққа келісім беретінін айтты

116
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6fRGWFP1aMZykJvZEPe27Oz5BUFIk57JoF9eFtDY.jpg

Бүгін, 22 шілдеде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда мәйіттік донорлықты дамытудың маңыздылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна”.

Қазақстандықтарға үндеу жасаған вице-премьер адамның өмірі – табиғаттың қайталанбас сыйы әрі ешнәрсемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық екенін атап өтті.

“Адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі әлемдегі ешбір дүниемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық. Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық. Әрине, бұл баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ, күні кеше "Хабар" арнасы түсірген "4739" деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қашналықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін. Сөз жоқ, бұл фильм біздің адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашқандай”, – деді Аида Балаева.

Балаеваның сөзінше, осы күні елімізде 4739 адам трансплантация кезегінде тұр.

“Бұл дегеніңіз 4739 үкілі үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар. Олардың арасында 125 бала бар”, – деді Аида Балаева.

Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.

Вице-премьер мәйіттік донорлыққа келісім бергенін айтты.

“Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін.

Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал оны сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор. Трансплантацияға мұқтаж әр адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұр. Сол үмітті үзбеу – баршамызға ортақ адамгершілік міндет деп ойлаймын.”, – деді Балаева

Деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.

2026 жылғы 13 шілдеде Қазақстанда алғаш рет қан донорларына арналған "Құрметті донор" төсбелгісі тағайындалғаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа марапаттың алғашқы иегерлері бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донор болады.

评论