Қарағанды облысында сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстары күшейтілуде

330
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gc00jbXY02y9d7tRD4WWLoHRt3otdTz4YWNd9l3K.jpg

Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуде жұмысқа орналастыру, білім алу және қоғамның қолдауы – ең басты шарттар. Адамға екінші мүмкіндік беру және қайта құқық бұзушылық жасау қаупін азайту жолдары Қарағанды облысының прокуратурасы мен әкімдігі ұйымдастырған «Жарқын болашаққа бастар жол» форумында талқыланды.

Форум «Заң және Тәртіп» жалпыұлттық идеологиясын іске асыру аясында өтті.

Мемлекет, бизнес және қоғамдық ұйымдар заң бұзған азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына қолдау көрсету үшін күш біріктіріп отыр. Негізгі мақсат – оларды тек жұмыспен қамту ғана емес, сонымен қатар мамандық меңгеруге, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге мүмкіндік жасау. Форум қатысушыларының пікірінше, дәл осындай кешенді тәсіл қайта құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар бүгінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау ғана емес, адамның түзелуіне көмектесіп, оны қоғамдағы толыққанды өмірге қайта бейімдеу екенін ерекше атап өтті. Мемлекет жаңа мүмкіндіктерге жол аша алады, жұмыс берушілер еңбек орнын ұсына алады. Алайда жаңа өмірге қадам жасауды адамның өзі ғана таңдайды, — деді өңір басшысы.

Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев өңірде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

— Бүгінде облыстың пробация қызметінің есебінде мыңнан астам азамат тұр. Жергілікті атқарушы органдардың, жұмыспен қамту қызметтерінің және жұмыс берушілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүздеген азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Кәсіптік оқыту және әлеуметтік көмек көрсету бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік сүйемелдеуді ұйымдастыруда мемлекеттік органдардың жұмысын біріктірген Socium цифрлық платформасы мен FSM Social мобильді қосымшасының енгізілуі маңызды қадам болды. Бұл жүйелер арқылы азаматтарға жұмысқа орналасуға, құжаттарын қалпына келтіруге, медициналық көмек, білім алу, әлеуметтік төлемдер рәсімдеу және өзге де өмірлік маңызды мәселелерді шешуге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Егер бүгінгі форумнан кейін адамдар өз өмірін өзгертуге болатынына сенсе, жұмыс берушілер өз кәсіпорындарының есігін айқара ашса, ал мемлекеттік органдар дер кезінде қажетті қолдау көрсетсе, көптеген отбасы ертеңгі күнге деген сенімін қайта нығайтады, — деді Мұрат Тілеубердиев.

Жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар бүгінде нақты нәтижесін беруде. Жыл басынан бері облыста 600-ден астам жұмыс берушінің қатысуымен 60 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар үшін квоталанған жұмыс орындары да бөлінуде.

Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – қарағандылық Олжас Ерсаин. Пробация қызметінің есебіне қойылғаннан кейін оған «Қарағанды-Нан» кәсіпорнына ресми түрде жұмысқа орналасуға көмек көрсетілген. Қазір ол мұнда жарты жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді.

— Пробация қызметінің есебіне тұрған кезде менің тұрақты жұмысым болған жоқ. Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасуыма көмектесті. Қазір тұрақты жалақы алып жүрмін әрі осы жерде еңбек етуді жалғастырғым келеді. Адамға жұмыс табуға қолдау көрсетілсе, оның жаңа өмір бастап, адал еңбекпен болашағын құруға мүмкіндігі пайда болады, — дейді Олжас Ерсаин.

Осындай қиындықтарды Рахат Жиенқұлов та бастан өткерген.

— Пробациядан кейін жұмыс табудың өте қиын екеніне өзім көз жеткіздім. Маған жұмысқа орналасуға көмектесті, бұл менің өмірімді өзгертті. Осындай іс-шаралар адамдарға аяғынан нық тұрып, қайтадан заң бұзбауға нақты мүмкіндік береді, — дейді ол.

Форумның практикалық қорытындысы ретінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіби оқыту, әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысын көздейді.

Форум барысында Қарағанды облысы прокуратурасының алғыс хаттарымен қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды жұмыспен қамтуға үлес қосып жүрген кәсіпорын басшылары марапатталды.

«220 Вольт» компаниясында пробация қызметінің есебінде тұрған сегіз азамат еңбек етеді.

— Біз жазасын өтеп жүрген адамдарға жұмыс тауып беруге көмектескіміз келді. Бүгінде кәсіпорнымызда сегіз білікті маман еңбек етіп жүр. Олар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — деді компанияның техникалық менеджері Әнуар Омаров.

Форумның екінші бөлімінде қатысушылар адамның жіберген қателігінен кейін қоғамдағы толыққанды өмірге қайта оралуында отбасының, білімнің, еңбектің және қоғамдық қолдаудың рөлін талқылады.

Фото: Александр Марченко

评论
其他材料