«Әділет» партиясының өкілдері 700 метр тереңдікте Костенко шахтасының ұжымымен кездесті

222
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hBAeXzVAtmKBs8fDWaWEf1igCdbliSdzLPWtuf1r.jpg

«Әділет» партиясы өкілдерінің Қарағанды облысындағы сапары Костенко атындағы шахтада жалғасты. Партия төрағасы Айбек Дәдебай Құрылтай депутаттығына кандидаттармен бірге Қазақстандағы көмір өндірісінің бүгінгі жай-күйін өз көздерімен көру үшін 700 метр тереңдіктегі шахтаға түсті.

Шахтерлер еңбек қауіпсіздігі, кәсіпорындарды цифрлық модернизациялау, инженерлік кадрларды даярлау, әлеуметтік кепілдіктер мен отандық өнеркәсіпті дамыту келешегі төңірегінде көкейкесті сұрақтарын тікелей қойды.

Сайлауалды штаб өкілдерінің айтуынша, бұл сапардың басты мақсаты – сайлауалды бағдарламаны таныстыру ғана емес, кеншілердің күнделікті ауыр еңбек жағдайын өз көздерімен көріп, олардың ұсыныстарына құлақ түру және тікелей тілдесу болды.

«Бұл жұмыстың қаншалықты ауыр екенін көп естідік. Дегенмен, бәрін өз көзімізбен көріп, жұмысшылармен жүздесіп, сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдауды жөн көрдік»,  – деп атап өтті «Әділет» партиясының өкілдері.

Qarmet көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов партия өкілдеріне сапарлары үшін алғыс білдіріп, саясаткерлердің өндіріске арнайы келіп, шахтада күнделікті еңбек етіп жүрген жұмысшылармен бетпе-бет тілдескені өте маңызды екенін атап өтті. 

«Аса тығыз кестелеріңізге қарамастан, уақыт тауып келгендеріңізге рақмет. Кез келген жағдайда мәселені бірінші дереккөзден тыңдаған маңызды», – деді Жақан Мұхамеджанов.

«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев та кеншілердің бұл сөзін құптап, өз пікірін айтты. 

«Әділет» партиясы басшыларының шахтаға арнайы түсіп, еңбек жағдайын өз көздерімен көріп, жұмысшылармен ашық сұхбаттасқаны біз үшін өте маңызды. Еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы тиіс және бұл қағида партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқанын көріп отырмыз», – деді ол.

Шахтерлердің сұрақтарына жауап бере отырып, сайлауалды штаб өкілдері «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасы ұзақ уақыт бойы сарапшылармен және түрлі сала өкілдерімен бірлесе әзірленгенін айтты. Бағдарламаны дайындамас бұрын «Әділет» партиясы өндірісшілермен, инженерлермен, дәрігерлермен, мұғалімдермен, кәсіпкерлермен және өңір тұрғындарымен ондаған кездесу өткізген.

«Qarmet» компаниясының бас директоры Вадим Басин де Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын жазуға өнеркәсіп өкілдері қатысқанын растады.  Оның айтуынша, өндірісшілер, шахтерлер мен инженерлер бағдарламаны әзірлеуге тікелей атсалысқан. Осылайша, ірі өнеркәсіп өкілдері сайлау науқаны басталмай тұрып-ақ саяси партиямен саланы дамыту жоспарларын, кәсіпорын мәселелерін ашық талқылауға мүмкіндік алды. Көп ұсыныс кейіннен бағдарламаға енген. 

«Бұл өте салмақты да маңызды әңгіме болды. Кәсіпорындар көтерген кейбір түйткілді мәселелер бағдарламада мемлекеттік қолдау мен нақты шешімдер тұрғысынан өз шешімін тапты. Біз үшін металлургия өнеркәсібінің қалай дамитынын және отандық кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік саясаттың қандай болатынын түсіну өте маңызды», – деді Вадим Басин.

Айта кетейік, бұған дейін бірқатар саясаттанушы «Әділет» партиясының бағдарламасын сайлаудағы ең жүйелі әрі құрылымы айқын бағдарламалардың бірі деп бағалаған болатын.

Мәселен, Ислам Құраев пен Қазбек Майгельдинов бағдарламаның басты ерекшелігі  –институционалдық өзгерістерге, тиімділіктің нақты көрсеткіштеріне және саяси жауапкершілікке басымдық берілуі екенін атап өтті.

Саясаттанушы Ислам Құраевтың пікірінше, партия бұл сайлау кезеңін тек саяси науқан деп емес, азаматтармен жаңа қоғамдық-саяси келісімнің бастауы ретінде қарастырады.

«Басты идея – тиімді жұмыс істейтін институт, заң үстемдігі, бәсекелестіктің тең ережелері және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігі арқылы әділдікті қамтамасыз ету», – деген еді сарапшылар. 

Дайындаған: 

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

 

评论