Орда жерінде ерте темір дәуірінің қонысы зерттеле бастады

233
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PaL10ABqwBjWqpxp2lrVpio9A0u6ncfCIahycjxE.png

Абай облысының Абай ауданы аумағындағы Орда тауының шығыс беткейінде орналасқан ерте темір дәуіріне жататын Орда қонысында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

«Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты» дерегінше, зерттеу жұмыстары ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылды. Археологтар қазба барысында жалпы аумағы 108 шаршы метрді қамтитын бір тұрғын үй құрылысын зерттеді. Нәтижесінде тұрғын үйдің қабырғалары ірі көлемді тастардан қаланғаны анықталды. Сондай-ақ үйдің оңтүстік-шығыс бөлігінен сопақша пішінді тас ошақ табылды. Ошақ маңынан ежелгі мәдени дақылдардың қалдықтарын анықтау мақсатында археоботаникалық талдау жасауға арналған топырақ үлгілері алынды.

Қазба жұмыстары кезінде 97 тас құрал, 104 қыш ыдыстың сынығы және жануарлардың сүйек қалдықтары табылды. Мамандардың айтуынша, бұл олжалар ежелгі тұрғындардың шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері Орда қонысының табиғи-географиялық орналасуы, тұрғын үй құрылысының ерекшеліктері және табылған археологиялық жәдігерлер оның Сарыарқа өңіріндегі ерте темір дәуірінде ұзақ уақыт бойы тұрақты қоныстанған ірі елді мекендердің бірі болғанын көрсетеді.

评论