Жаңаөзенде жаңа үлгідегі пәнаралық IT-колледж салынады

262
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JUSbTBh7sAFJc7PU2nFOte8431k2RQir5lQ70QFw.jpg

Маңғыстау облысында бірегей білім беру жобасы жүзеге асырылады. Жаңаөзен қаласында цифрлық экономика, жоғары технологиялық өндірістер және болашақ мамандықтары үшін білікті кадрлар даярлауға бағытталған жаңа буынның заманауи пәнаралық IT-колледжі салынады.

Жобаны Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға Halyk қайырымдылық қоры мен «Тәлімгер» орталығының өкілдері таныстырды.

Жаңа IT-колледжі техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи моделіне негізделіп, ақпараттық технологиялар, инженерия, жасанды интеллект және кәсіпкерлік бағыттарын біріктіреді. Студенттер таңдаған мамандығына қарамастан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, оларды экономиканың түрлі салаларында қолдану дағдыларын игереді.

Колледждің білім беру моделі инженерлік пәндерді, ақпараттық технологияларды, жасанды интеллектіні және кәсіпкерлік дағдыларды біртұтас білім беру үдерісіне ықпалдастыратын пәнаралық тәсілге негізделеді. Бұл түлектердің еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел бейімделуіне, заманауи экономиканың талаптарына сай жоғары сұранысқа ие маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Кездесу барысында облыс әкімі бұл жоба елдің адами капиталды дамыту, цифрландыру және білікті кадрлар даярлау бағытындағы стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келетінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, білікті кадрлар даярлау және заманауи технологияларды енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттары екенін бірнеше рет атап өтті. Жаңаөзенде салынатын IT-колледж осы стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Бұл жай ғана заманауи оқу орны емес, жасанды интеллектімен, цифрлық технологиялармен және озық инженерлік шешімдермен жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлайтын орталық болады. Алдағы онжылдықтарда өңір мен ел экономикасының дамуын дәл осындай кадрлар айқындайды. Біз бұл жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Себебі білім мен адами капиталға салынған инвестиция – Маңғыстау облысы мен Қазақстанның болашағына салынған инвестиция, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Колледжде жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізуге ерекше назар аударылады. Оқу орны техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша өңірлік құзыреттер орталығына айналады. Мұнда заманауи білім беру әдістемелері енгізіліп, цифрлық мансаптық даму құралдары әзірленеді және өмір бойы білім алу қағидатына негізделген үздіксіз оқыту модельдері сынақтан өткізіледі.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – мамандық таңдаудан бастап жұмысқа орналасуға дейін білім алушыларды сүйемелдеуге мүмкіндік беретін цифрлық мансаптық навигация жүйесін енгізу. Бұл білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және өңір экономикасының қажеттіліктері арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді.

Жобаның іске асырылуы Маңғыстау облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы маңызды кезең болмақ. Жаңа IT-колледж цифрлық және инженерлік құзыреттері жоғары, технологиялық өзгерістерге бейім, өңір мен ел экономикасының дамуына үлес қоса алатын білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

评论
其他材料