«Біз Абайды заманға емес, өз заманымыздың мәселелерін Абайға бейімдеуіміз керек»

420
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DCC23x6prikGVZrxfZwiyIz5QJiqxjEKBw3wQwIW.png

Бүгін, 10 тамыз – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні. Оның мұрасы ғасырдан астам уақыт бойы зерттеліп, түрлі тарихи кезеңдерде әрқалай бағаланып келеді. Ал бүгінде хәкім мұрасын қаншалықты дұрыс түсініп жүрміз, оның шынайы бағасын бердік пе және Абайды әлемдік ой кеңістігіне қалай шығара аламыз? Осы мәселелер туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор, шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қара “Адырна” ұлттық порталына айтып берді.

Аға, Абайға деген кешегі көзқарас пен бүгінгі көзқарас қандай? Алда қалай болуы мүмкін?

– Абайға деген көзқарасты бірнеше тарихи кезеңге бөліп қарастырған жөн деп ойлаймын. Алдымен, Алаш зиялыларының Абайға деген көзқарасына назар аударуымыз керек. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Мұстафа Шоқай бастаған Алаш қайраткерлері Абайды жай ғана ұлы ақын ретінде емес, қазақтың ұлттық ой-санасын жаңа деңгейге көтерген тұлға ретінде бағалады. Сондықтан Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып-білудің алғашқы негізін де солар қалады.

Кеңес дәуірінде де Абай ұмыт қалған жоқ. Керісінше, оның шығармалары кеңінен жарияланып, зерттеліп, көптеген тілге аударылды. Мұхтар Әуезовтің орасан зор еңбегінің арқасында абайтану дербес ғылыми бағыт ретінде қалыптасты.

Бірақ сол кезеңнің идеологиялық шектеулері де болды. Абай көбіне ағартушы, орыс және Еуропа мәдениетіне жол ашқан ойшыл, әлеуметтік теңсіздікті сынаған ақын ретінде көрсетілді. Ал оның діни-философиялық дүниетанымы, ұлттық ойы, отарлық қоғам жағдайындағы көзқарастары сияқты мәселелерді толық әрі еркін зерттеуге мүмкіндік бола бермеді.

Тәуелсіздікпен бірге Абайға жаңаша қарауға жол ашылды. Енді біз оны тек ақын немесе ағартушы ретінде емес, ұлттың тұтас ойлау жүйесін қалыптастырған хәкім ретінде тани бастадық. Оның иман, адамгершілік, ғылым, еңбек, әділет, мінез, «толық адам» туралы ойлары жаңаша зерттелуде.

Меніңше, алдағы кезеңде Абайды танудың тағы бір сатысына көтерілуіміз керек. Абайды тек мерейтойларда еске алатын тарихи тұлға емес, бүгінгі қоғаммен сөйлесе алатын заманауи ойшыл ретінде таныту қажет. Өйткені оның көтерген мәселелерінің көбі – білімге ұмтылу, еңбек ету, бос мақтаннан арылу, бірлік, әділет, жауапкершілік, адамның өзін-өзі тәрбиелеуі – бүгін де өзекті.

«АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАУ МЕН АБАЙДЫ ҰСТАНУ – ЕКІ БӨЛЕК НӘРСЕ»

– «Кеңес дәуірінде де Абай ұмыт қалған жоқ» дедіңіз. Сол кезеңде Абай қалай танылды және бүгін өз бағасын толық алды деп айта аламыз ба?

– Кеңес дәуірінде Абайға тыйым салынған жоқ. Керісінше, шығармалары жарияланды, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылды, ғылыми тұрғыдан зерттелді.

Бірақ мәселе – Абайдың қалай түсіндірілгенінде. Кеңестік идеология оның ағартушылық, білім мен ғылымға шақырған, әлеуметтік теңсіздік пен ескілікті сынаған қырларын алға шығарды. Пушкин, Лермонтов, Крыловтан жасаған аудармалары ерекше дәріптеліп, Абай орыс мәдениеті арқылы Еуропа өркениетіне бет бұрған ағартушы ретінде көрсетілді. Ал қазақ қоғамына айтқан сыны көбіне таптық тұрғыдан түсіндірілді.

Сонымен бірге Абай дүниетанымының Алла, иман, дін, ар-ұят, жан, рух, әділет, адамгершілік туралы терең қабаттарын атеистік идеология жағдайында толық ашу мүмкін болмады. Оның ұлттық ойшыл ретіндегі қыры мен отарлық ортада өмір сүрген тұлға екеніне де жеткілікті назар аударылмады.

Абай қазақтың кемшілігін халқын кемсіту үшін емес, оны ояту және жетілдіру үшін сынады. Оның болыс, мансап, парақорлық, алауыздық туралы пікірлерін сол кездегі отарлық басқару жүйесінен бөліп қарауға болмайды.

Сондықтан Кеңес дәуірінде Абайды таныдық па деп сұрасақ, иә, таныдық десек болады, бірақ толық таныдық деп айта алмаймыз. Бір жағынан оның мұрасы сақталып, зерттеліп, үлкен ғылыми мектеп қалыптасты; екінші жағынан Абай кеңестік идеологияның шеңберінде түсіндірілді.

«АБАЙ ТЕК ЗЕРТТЕУ НЫСАНЫ БОЛЫП ҚАЛМАУЫ КЕРЕК»  

– Ал Тәуелсіздік жылдары? 

Тәуелсіздік бұл шектеулерді алып тастап, Абайдың діни-философиялық дүниетанымын, ұлттық ойшыл ретіндегі тұлғасын, «толық адам» ілімін жаңаша зерттеуге мүмкіндік берді. Бірақ Абай бүгін өз бағасын толық алды ма деген сұраққа мен әлі толық алды деп айта алмас едім.

Өйткені Абайды ұлықтау мен Абайды ұстану – екі бөлек нәрсе. Оның атын көшеге, мектепке беру, ескерткіш орнату, мерейтой өткізу – құрметтің белгісі. Бірақ Абай сынаған мақтаншақтық, өтірік, еріншектік, мансапқорлық, надандық, күншілдік, рушылдық сияқты мінездер қоғамда әлі де кездеседі.

Меніңше, бүгін Абай тек зерттеу нысаны болып қалмауы керек. Оның қазақ қоғамын және адамды жетілдіру үшін айтқан ойларын күнделікті өмірімізге енгізуге ұмтылуымыз қажет.

Абай «өтірік айтпа, мақтанба, еріншек болма, білімге, еңбекке, әділетке ұмтыл» десе, біз сол талаптарды алдымен өз өмірімізде орындауға тырысуымыз керек.

Өкінішке қарай, мен мұндай ұмтылысты жеткілікті деңгейде көріп отырған жоқпын. Кейде Абайдың өтірік, мақтаншақтық, еріншектік туралы айтқандарын талдап, ондаған бет мақала немесе кітап жазамыз. Бірақ сол сөздердің өз мінезімізге қаншалықты қатысы бар екенін ойлай бермейміз.

Абайды зерттеу бар да, Абай айтқандай адам болуға ұмтылу бар. Екеуі бір нәрсе емес.

Абайдың «толық адам» туралы ойын зерттеу маңызды. Бірақ одан да маңыздысы – өзіміздің толық адам болуға талпынуымыз. Абай мұрасының қоғамға шынайы әсері де осы жерден басталады.

Сондықтан бүгінгі міндет – кеңестік абайтануды жоққа шығару емес, оның ғылыми жетістіктерін сақтай отырып, Абайды идеологиялық шектеулерден тыс, біртұтас тұлға ретінде қайта тану және оның өсиетін өмірлік ұстанымға айналдыру.

Кеңес дәуірі бізге Абайдың үлкен бір бөлігін танытты. Тәуелсіздік сол суретті толықтыруға мүмкіндік берді. Ендігі міндет – Абайды танып қана қою емес, Абай айтқандай өмір сүруге ұмтылу. Абайдың шын бағасы оның сөзі біздің мінезімізден көрінген кезде беріледі.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Абайды тануда қандай жаңа мүмкіндіктер ашылды? Кеңестік кезеңде айтылмаған немесе бұрмаланған тұстары қайта қаралды деп айта аласыз ба?

– Әрине, тәуелсіздік Абайды тануға жаңа мүмкіндіктер ашты. Ең бастысы – Абайды белгілі бір идеологияға бейімдеп түсіндіру қажеттілігі жойылды. Соның арқасында оның діни-философиялық дүниетанымы, Шығыс әдебиетімен байланысы, «толық адам» ілімі, ұлттық ойы мен отарлық дәуір жағдайындағы көзқарастары еркін зерттеле бастады. Шәкәрім мен Абайдың ақындық мектебін де жаңаша тануға жол ашылды.

Алайда меніңше, тәуелсіздік дәуіріндегі абайтанудың алдында бұдан да маңызды бір міндет тұр. Ол – Абай шығармаларының түпнұсқаға барынша жақын ғылыми мәтінін анықтау.

Біз «Абайды қалай түсінеміз?» дегеннен бұрын, «Бүгін оқып жүрген мәтініміз Абайдың өз сөзіне қаншалықты жақын?» деген сұраққа жауап беруіміз керек.

Өйткені шығармаларды көшіру, араб жазуынан кирилл қарпіне түсіру және әр кезеңде қайта басу барысында сөздер мен сөйлемдерде өзгерістер болғаны белгілі. Кеңес дәуірінде идеологиялық себеппен өзгертілген тұстар болса, олар да нақты анықталуы тиіс.

Ол үшін 1909 жылғы алғашқы жинақпен шектелмей, Абай шығармаларының бізге жеткен барлық араб жазулы қолжазбаларын салыстыру қажет. Әсіресе Мүрсейіт Бікеұлының көшірмелері мен Абайдың өз ұлы Тұрағұл Абайұлының нұсқасы ерекше маңызды.

Тұрағұл әкесінің тәрбиесін көріп, өлеңдерін жатқа білгендіктен, оның нұсқасының текстологиялық құндылығы жоғары. Бірақ бір нұсқаны бірден дұрыс деп қабылдамай, барлық көне қолжазбаларды 1909 жылғы және кейінгі басылымдармен сөзбе-сөз салыстырып, Абай шығармаларының ғылыми-сыни басылымын дайындау қажет.

Екінші маңызды мәселе – Абайдың тілін өз дәуірінің түркілік тілдік ортасында зерттеу.

Абай қолданған араб текті сөздердің бәрін тікелей араб тілінен енген деп қарау дұрыс болмауы мүмкін. ХІХ ғасырда Түркістанда шағатайлық жазба әдеби дәстүр өмір сүрді. Араб және парсы текті көптеген сөздер түркі тілдерінде ғасырлар бойы қолданылып, олардың дыбыстық тұлғасы, кейде мағынасы да өзгерген еді.

Сондықтан бір сөздің араб тілінен шыққанын анықтау жеткіліксіз. Ол сөз Абайға қандай тілдік арна арқылы жетті және Абай дәуіріндегі түркілік ортада қандай мағынада қолданылды деген мәселені де зерттеу керек.

Өйткені сөздің қай тілден шыққанын анықтау бір басқа, Абайдың сол сөзге қандай мағына бергенін анықтау бір басқа.

Сондықтан болашақ абайтанудың алдында екі маңызды міндет тұр деп ойлаймын: біріншісі – Абайдың түпнұсқаға барынша жақын ғылыми мәтінін жасау; екіншісі – оның тілін өз дәуірінің тарихи түркілік ортасында қайта зерттеу.

Сонда ғана біз екі негізгі сұраққа жауап бере аламыз: «Абай шын мәнінде не жазды?» және «Абай сол сөзбен нені айтқысы келді?»

Абайдың идеялары бүгінгі қоғамның қандай мәселелеріне жауап бере алады? Оның ойлары қазіргі заман үшін қаншалықты өзекті?

– Меніңше, Абайдың бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпауының басты себебі – оның белгілі бір дәуірдің мәселелерін ғана емес, адам мен қоғамның өзгеруі қиын мінездерін терең түсінуінде.

Мысалы, бүгін біз білімді қоғам құру туралы көп айтамыз. Абай да қазақтың болашағын ең алдымен біліммен байланыстырды. Бірақ ол үшін білім – диплом немесе қызметке жетудің құралы ғана емес. Білім адамның ой-өрісін кеңейтіп, мінезін жетілдіруі керек. Бұл бүгінгі Қазақстан үшін де өте маңызды мәселе.

Екіншісі – еңбек. Абай еңбекті адамның да, қоғамның да дамуының негізі ретінде қарастырды. Қазіргі қоғамда тез байып кету, жеңіл жолмен табыс табу, атақ пен мансапқа ұмтылу секілді түсініктер кездеседі. Бұған қарсы Абай білімге, кәсіпке, маңдай термен келген еңбекке сүйенген өмірді ұсынады.

Үшіншісі – әділет пен жауапкершілік. Абай адамның жақсы болуы жеткіліксіз, қоғамда да әділет болуы керек екенін айтады. Ар, ұят, әділет, рақым сияқты ұғымдарды адамның ғана емес, қоғамдық өмірдің де өлшемі ретінде қарастырады. Бұл қағидалар мемлекеттік қызметтен бастап күнделікті қарым-қатынасқа дейін өзекті.

Төртіншісі – бірлік мәселесі. Абай рушылдықты, күншілдікті, бақталастықты, бірін-бірі көре алмауды қатты сынады. Бүгін олардың түрі өзгергенімен, қоғамды іштен бөлетін мұндай мінездер толығымен жоғалып кеткен жоқ.

Абай айтқан бірлік – бәрінің бірдей ойлауы емес, ортақ мүдде үшін жеке бастың тар мүддесінен жоғары тұра білу.

Абайдың тағы бір үлкен сабағы – қоғамды өзгертуді адамның өзінен бастауы. Біз көбіне кемшілікті мемлекеттен, қоғамнан немесе басқа адамдардан іздейміз. Ал Абай адамды алдымен өзіне қарауға шақырады: мен білімге ұмтылып жүрмін бе, адал еңбек етіп жүрмін бе, әділеттімін бе, өзгенің кемшілігін айтқанша өз мінезімді түзете алдым ба?

Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың идеялары өткен ғасырдың ескерткіші емес. Олар қазіргі Қазақстандағы білім, еңбек мәдениеті, әділет, жауапкершілік, қоғамдық бірлік және адам тәрбиесі мәселелеріне тікелей қатысты.

Сондықтан мен Абайдың өзектілігін бір ауыз сөзбен былай айтар едім: біз Абайды заманымызға бейімдеудің қажеті жоқ, керісінше өз заманымыздың мәселелерін Абайдың алдына қойып көрейік. Сонда оның көптеген сұрақтарға әлі де жауап беріп тұрғанын көреміз.

АБАЙ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ КЕҢІСТІКТІҢ БІР БӨЛІГІ

– Сіз ұзақ жылдар Түркияда еңбек еттіңіз. Түркі әлемінде Абай қалай қабылданады? Қазақстандағы бағалау мен шетелдік ғылыми ортадағы көзқарастың айырмашылығы бар ма?

– Абайдың Түркияда да, жалпы Түркі әлемінде де беделі жоғары. Ол қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы ретінде танылады. Шығармалары түрік тіліне аударылып, Абай туралы ғылыми еңбектер жазылып, конференциялар өткізіліп келеді.

Бірақ Абайды құрметтеу мен Абайды терең танудың арасында айырмашылық бар. Түркияда зиялы қауым Абайдың кім екенін біледі, алайда оның өлеңдерін, қара сөздерін, философиялық дүниетанымын терең білетін оқырман әлі де көп емес.

Мысалы, Шыңғыс Айтматов Түркияда қырғыз әдебиетінің өкілі ғана емес, жалпы түркі дүниесінің үлкен қаламгері ретінде кеңінен оқылады. Абайдың да осындай кең оқырмандық деңгейге шығуына толық мүмкіндігі бар.

Қазақстан мен шетелдегі қабылдаудың басты айырмашылығы да осында. Қазақстанда Абай – әдеби тұлға ғана емес, ұлттық сананың, руханияттың және қазақтың өзін-өзі тануының бір бөлігі. Ал шетелдік ғалым Абайға салыстырмалы әдебиет, философия, дін, модернизация, Ресей империясы мен Орталық Азия тарихы сияқты әртүрлі қырлардан қарай алады. Мұндай сыртқы көзқарас Абайдың біз байқамай жүрген жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді.

Абайды әлемге танытудағы маңызды мәселенің бірі – сапалы аударма. Оның сөзін басқа тілге аудару жеткіліксіз, ұғымдық әлемін де дұрыс жеткізу керек. «Ар», «қайрат», «қанағат», «рақым», «иман», «толық адам» секілді ұғымдардың астарындағы мәдени және философиялық мағынаны басқа тілде дәл беру оңай емес.

Сонымен бірге Абайды түркі дүниесінің ортақ тарихи және интеллектуалдық кеңістігі аясында салыстырмалы түрде зерттеу қажет.

Мысалы, Қырымда Исмаил Гаспыралы, Еділ-Орал өңірінде Шиһабетдин Маржани, кейінірек Муса Жаруллаһ Бигиев, Өзбекстанда Махмұдқожа Бехбуди, Османлы түріктері арасында Намық Кемал, Мехмет Эмин Юрдақұл, Ахмет Мітхат Ефенді, кейінгі кезеңде Зия Гөкалп сияқты ақындар мен ойшылдар шықты.

Бұлардың барлығы әртүрлі тарихи жағдайда өмір сүргенімен, білім, ағартушылық, дін, ұлттық сана, қоғамды жаңғырту, Шығыс пен Батыстың арақатынасы сияқты мәселелер төңірегінде ой қозғады.

Оларды Абаймен салыстырғанда тек шығармаларындағы ұқсас пікірлерді іздеумен шектелмеу керек. Олар қалай тәрбиеленді, қандай білім алды, қай тілдерді білді, қандай кітаптар оқыды, қандай интеллектуалдық дәстүрден нәр алды, өз қоғамының мәселелерін қалай түсінді және оларды шешудің қандай жолдарын ұсынды? Осылардың бәрін салыстырмалы түрде зерттеу қажет.

Сонда біз Абайды жеке тұрған ұлы тұлға ретінде ғана емес, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы түркі дүниесінде жүрген үлкен рухани және интеллектуалдық жаңғыру үдерісінің аясында көре аламыз.

Меніңше, Абайдың әлемдік ой тарихындағы орнын анықтау үшін алдымен оның өз дәуіріндегі және оған жақын кезеңдегі түркі ой әлеміндегі орнын салыстырмалы зерттеулер арқылы айқындап алуымыз қажет.

«АБАЙДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТУ – МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ШАРА ЕМЕС»

– Абайды әлемге танытуда Қазақстан қандай қателіктер жіберіп жүр деп ойлайсыз?

– Мен «қателік» дегеннен гөрі, жетілдіруіміз керек тұстар бар дер едім. Қазақстан Абайды әлемге таныту бағытында көп жұмыс атқарды. Шығармалары көптеген тілге аударылды, шетелдерде Абай орталықтары ашылып, конференциялар өткізілді. Енді саннан сапаға көшетін уақыт келді деп ойлаймын.

Бірінші мәселе – аударманың сапасы. Әсіресе Абайдың өлеңдерін аудару өте қиын. Өлеңде мағынаны ғана емес, ырғақты, көркемдікті, ақынның үнін де сақтау қажет.

Мұны өз тәжірибемнен білемін. Абайдың 175 жылдығына байланысты түрікше аударма тобын құрғанда түркиялық ақын Имдат Авшарды да қостым. Біз алдымен мағынаны дәл аударып, кейін ол мәтінді поэзияға айналдырды. Кейде ұйқасқа ұмтылғанда Абайдың ойынан алыстап кететін тұстар болды. Ондай жолдарды бірнеше рет қайта қарап, мағына мен поэзияның тепе-теңдігін табуға тырыстық.

Сондықтан Абай поэзиясын аудару бір адамның жұмысы емес. Абай тілін білетін маман, аудармашы және ақын бірлесіп жұмыс істеуі керек. Көркемдік үшін мағынаны құрбан етуге де, мағынаны сақтаймыз деп өлеңді қара сөзге айналдыруға да болмайды.

Өкінішке қарай, түрік тілінде мағынасы елеулі бұрмаланған аудармаларды да кездестірдім. Шетелдік оқырман Абайды аударма арқылы танитындықтан, нашар аударма мәтінді ғана емес, Абайдың шетелдегі бейнесін де бұзады. Қазақ тіліне тілдік әрі мәдени жағынан жақын түрік тілінде осындай қателер болса, басқа тілдердегі аудармаларды да түпнұсқамен салыстырып тексеру қажет.

Осы мақсатта Қазақстанда халықаралық Абай зерттеу орталығын құруға болар еді. Ол әлемдегі Абай аудармаларын жинап, сапасын сараптап, жаңа аудармаларды үйлестіріп қана қоймай, халықаралық ғылыми зерттеулерге қолдау көрсетіп, салыстырмалы жобаларды да ұйымдастыра алады. Сонда Абайды таныту науқандық шара емес, тұрақты ғылыми бағдарламаға айналар еді.

Екінші мәселе – Абайды шетелде тек таныстырып қана қоймай, халықаралық ғылымның зерттеу нысанына айналдыру. Шетелдік ғалым Абайды Қазақстанды насихаттау үшін емес, ғылыми тұрғыдан қызықты тұлға болғандықтан зерттеуі керек.

Абайды Юнус Әмре, Исмаил Гаспыралы, Шиһабетдин Маржани және басқа түркі ойшылдарымен, кейін әлемдік ой тарихының ірі тұлғаларымен салыстырмалы зерттеу оның өзіндік орнын анықтауға көмектеседі.

Тағы бір ұсынысым – Қазақстанда жыл сайын «Абай» атындағы халықаралық Түркі әлемі әдебиет сыйлығын өткізу. Оған бүкіл түркі дүниесінің қаламгерлері қатысып, поэзия, проза, әдеби аударма секілді аталымдар бойынша марапатталса, Абай есімі қазіргі түркі әдебиетімен үнемі байланыста болар еді.

Қазылар алқасы халықаралық деңгейдегі беделді әдебиетшілерден құрылып, таңдау ашық әрі кәсіби жүргізілсе, бұл сыйлық уақыт өте Түркі әлемінің беделді әдеби марапаттарының біріне айналуы мүмкін.

Ең бастысы, Абайды мерейтой кезінде ғана еске алатын науқаншылдықтан арылуымыз керек. Абайды әлемге таныту – мерейтойлық шара емес, ұзақ мерзімді ғылыми және мәдени бағдарлама болуы тиіс.

Мақсат әлемге қайта-қайта «Абай – ұлы ақын» деп айту емес. Әлем Абайды оқып, көріп, зерттеп, оның неге ұлы екенін өзі түсінетін жағдай жасауымыз керек.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

评论
其他材料