Трамп Ормуз бұғазын АҚШ аумағына қосуы мүмкін

107
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SCXEUpu8VVBbXtrQBpdf8f76dyhJAlbhB6vFdGTW.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын жақын арада АҚШ аумағы деп жариялау мүмкін. Ол бұл туралы Лонг-Айлендтегі полиция академиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Трамптың сөзінше, АҚШ Иранға қарсы әскери операцияны аяқтағаннан кейін бұғазға қатысты осындай шешім қабылдауы ықтимал.

«Иранды талқандауды аяқтағаннан кейін, мен жақын арада Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялаймын. Негізінде, ол қазірдің өзінде солай. Біз бұғазға блокада қойдық. Егер қаламасақ, ешбір кеме бұғаздан өте алмайды», – деді Трамп.

Ормуз бұғазы әлемдік энергетика нарығы үшін аса маңызды стратегиялық теңіз жолы саналады. Әлемде теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі осы бұғаз арқылы өтеді. Сондықтан ондағы кез келген әскери немесе саяси шиеленіс мұнай бағасы мен жаһандық жеткізу тізбегіне тікелей әсер етуі мүмкін.

Алайда Трамптың мәлімдемесі АҚШ-тың нақты саясатына айнала ма, әлде саяси мәлімдеме күйінде қала ма — әзірге белгісіз.

Иран тарапы Вашингтонның қысымына көнбейтінін білдірді. Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазем Ғарибабади Ормуз бұғазын ашу немесе жабу туралы шешім Тегеранның құзырында екенін мәлімдеді.

Ал Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау жөнінде әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты. Оның пікірінше, Катар мен Пәкістан арқылы жүргізіліп жатқан байланыстарды ресми келіссөз деп атауға болмайды. Ал Оманмен жүргізілген консультациялар Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасын қалпына келтіру мәселесіне бағытталған.

Бұған дейін Трамп АҚШ бұғазға «толық бақылау» орнатқанын айтқан еді. Дегенмен Ормуз бұғазы Иран мен Оманның арасындағы халықаралық маңызы бар теңіз жолы болып саналады.

Әскери қақтығыс пен теңіз тасымалына байланысты қиындықтар аясында жанармай бағасы да қымбаттады. Трамп америкалықтардың бензин үшін көбірек төлеп жатқанын мойындағанымен, Иранға қарсы жүргізіліп жатқан саясатты ақтайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Иран АҚШ-тан саясатын өзгертіп, соғыс салдарынан келген шығынды өтеуді, санкцияларды алып тастауды және бұғатталған ирандық активтерді босатуды талап етіп отыр.

相关新闻

评论
相关新闻
其他材料