Шымкентте Абайдың ұлы тұрған үйдің орны табылды

230
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oAtFKp9wTeZzNfsOGNukqzQlTfTykxB5WaANGsp0.jpg

Шымкент қаласында Абай Құнанбайұлының ұлы Тұрағұл Абайұлы өмірінің соңғы жылдары тұрған үйдің нақты орны анықталды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Бұл туралы Бекжан Бектанбай Facebook-тегі жазбасында хабарлады.

Оның айтуынша, 1928-1934 жылдары Шымкенттегі бұрынғы Крегер, қазіргі Майлықожа көшесі, 24-үйде Тұрағұл Абайұлы тұрған. Бұл мекенжай Мұхтар Әуезовтің жеке қорында сақталған 1933 жылғы күнделікте көрсетілген.

Күнделікте: «г. Чимкент, ул. Крегера, 24, Макен Мухамеджановой» деген жазба бар. Мәкен Мұхамеджанова — Тұрағұл Абайұлының қызы. Бұған дейін абайтанушы мамандар Тұрағұлдың кәмпеске кезеңінен кейін Шымкентке жер аударылып, қызы Мәкен мен күйеу баласы Ұлықбек Мұхамеджановтың үйінде тұрғанын және сол жерде қайтыс болғанын білген.

Бекжан Бектанбайдың жазуынша, 1933 жылдың басында Мұхтар Әуезов құпия түрде Шымкентке келіп, Тұрағұлдың үйіне барған. Сол жылдың көктемі мен күзінде жазушы Жуалы, Түлкібас және Сайрам өңірлерін аралап, бірқатар очерк жазған.

Зерттеуші қазіргі таңда бұрынғы 24-үйдің орнының да анықталғанын атап өтті. Оның сол жағында музыка мектебі, ал оң жағында екі қабатты жекежай орналасқан. 20 және 26/1 үйлерінің арасындағы 22 және 24-үй екенін көрсететін тақташалар алынып тасталған.

«Бірақ бұл Абайдай тұлпар ақын тұяғы Тұрағұлдың нақты тұрған үй орнын анықтауға бөгет болған жоқ», — деп жазды Бекжан Бектанбай.

Зерттеуші осы мекенжайға Тұрағұл Абайұлы мен оның әулетіне арналған ескерткіш тақта орнату қажет деп санайды.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл 1875 жылы дүниеге келген. Ол 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын шығаруға атсалысқан. Сондай-ақ, Тұрағұл Абайұлы Алашорда мүшесі болған.

Тұрағұл әкесінің шығармашылық сәттерін естелікке қалдырып, Абайдың өлең жазу барысын егжей-тегжейлі сипаттаған.

1916 жылы майданның қара жұмысына алынған қазақ жігіттеріне тілмаш ретінде қызмет еткен. Тұрағұл Абайұлы 1934 жылғы 6 наурызда 59 жасында Шымкентте қайтыс болды.

Ғалым Орынай Жұбаеваның дерегінше, Тұрағұлдың сүйегі Шымкенттегі мұсылман зиратына жерленген. Кейін оның орнына химиялық зауыт салынып, зират зауыт астында қалған.

评论
其他材料