ОСК төрағасы ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесуде олармен келіспейтін тұстарын түсіндірді

130
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JBwaHpQzRbQkIeOpEpXWz3s91MsJ7HFnu2ijuxLP.webp

Орталық сайлау комиссиясы ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтың басшылығымен Винсент Пикет бастаған ЕҚЫҰ ДИАҚБ Құрылтай депутаттарын сайлауды байқау жөніндегі миссиясының мүшелерімен қорытынды кездесу өткізді. Бұл туралы бүгін, 9 қыркүйекте ОСК-нің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Шақыруымызды қабыл алып, қысқа мерзімді, сондай-ақ ұзақ мерзімді байқаушыларды жібергендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сайлау науқаны барысында менің және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің олармен пікір алмасуға мүмкіндігіміз болды. ҚР ОСК негізгі міндеті - дауыс беру күнін ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Сайлау комиссияларына қойылған басты талап дауыс беру рәсімдерінің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету болды. Сіздердің миссияларыңыздың, сондай-ақ барлық басқа халықаралық миссиялардың және басқа елдердің орталық сайлау органдарындағы әріптестеріміздің сайлау процесін ұйымдастыруға берген оң бағасына қанағаттанамыз», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Миссияның аралық есебі және сайлаудың алдын ала нәтижелері мен қорытындылары туралы мәлімдемесін талқылау барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бірқатар мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, ОСК басшысы Құрылтайдың жаңа саяси институт екенін атап өтіп, осыған байланысты өткен сайлау миссияның құжаттарында көрсетілгендей, «мерзімінен бұрын өткізілген парламенттік сайлау» еместігін және оны белгіленген мерзімнен бұрын өткізілді деп есептеуге болмайтынын айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президентінің сайлауды өткізу туралы Жарлыққа қол қойған күні дауыс беру күніне бір жылға жуық уақыт қалғанда басталған ашық конституциялық процестің соңғы құқықтық кезеңі болғаны атап өтілді. Ол Мемлекет басшысы алғаш рет бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ұсынғанын еске салды. Осы сәттен бастап аталған бастаманы іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген.

Өз кезегінде Винсент Пикет байқаушылардың жұмысына жағдай жасағаны, сондай-ақ ашықтық пен орталық және өңірлік деңгейде байқаушыларға тиісті ақпаратты ұсынуға үнемі дайын болғаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

«ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының алдын ала мәлімдемесінде біз Орталық сайлау комиссиясы атқарған жұмыстың тиімді болғанын және жоғары техникалық деңгейде орындалғанын мойындаймыз. Сіздердің өңірлік және жергілікті сайлау учаскелерін, сондай-ақ учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларын дайындау барысында қолданған дәйекті тәсілдеріңізді атап өтеміз. Біз бүкіл ел бойынша сайлау комиссияларының 70 мың қызметкерін каскадты оқытуға, сондай-ақ сайлаушыларды ақпараттандыруға қаншалықты күш жұмсалғанын түсінеміз. Миссияның қорытынды есебі жарияланғаннан кейін, онда қамтылған ұсынымдар мен қорытындыларды зерделеуге мүмкіндіктеріңіз болады деп үміттенемін», - деп атап өтті ол.

评论